«Таңшолпан». «Ит» мультфильмі халықаралық кинофестивальде бас жүлдені жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан». «Ит» мультфильмі халықаралық кинофестивальде бас жүлдені жеңіп алды

30.10.2017

Режиссер-аниматор Мейіржан Сандыбайдың «Ит» атты қысқаметражды мультфильмі бүгінгі қоғамның ең өзекті тақырыбы - тастанды сәбилер тағдырын арқау етеді. Қоғамның ауыр дертін қозғау арқылы бүкіл адамзатқа үндеу тастаған туынды биылғы «Еуразия» халықаралық кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.

Бұл - Қазақ Ұлттық өнер университетін енді тәмамдаған жас аниматордың алғашқы үлкен жетістігі.

«Бала кезімнен фильм, анимацияға ынтық болдым. Кейін өсе келе оның үлкен идеологиялық күш екенін түсіндім. Өзіме өнер арқылы қоғамды жақсы жаққа өзгертуге мақсат қойдым.

Мультфильмді шетелден кем жасамаймыз. Оның үстіне рухымыз, иісіміз қазақ болған соң қазақ баласын жақсы түсінеміз. Сондықтан, мүмкіншілік беріліп жатса, олардан еш кем болмаймыз», - дейді режиссер.

Жалпы, бүгінде аниме фильмдері даму үстінде. Оған анимация бөлімінің соңғы технологиялармен жабдықталуы да зор мүмкіндік беріп отыр. Осындай жаңа әдіспен жасалып отырған туындының бірі – «Мұзбалақ» толықметражды мультфильмі.

Қытайда жылына 3000 сағат анимациялық фильмдер жасалады екен. Себебі, олар балалар арналарын өз туындыларымен толтырады.

Қазақ анимациясының 50 жылдығына орай биыл біздің елде жалпы уақыты 2 сағатты құрайтын мультфильмдер жасалды. Осыған дейін бұл көрсеткіш 50-60 минуттан аспайтын. Ал, соңғы жылдары үлкен экранға жол тартқан «Ертөстік», «Қазақ елі» анимациялары осы саланың өріс ала бастағанының нақты дәлелі.

Хабарламаларға жазылу