Бұл жолғы бағдарлама Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, кино және театр актрисасы Ғазиза Әбдінәбиеваның «Дара жолына» арналды. Өнер иесі балалық шағы мен өзінің өмір өткелдері туралы естеліктерімен бөлісті.
«Әкемнің көрмегені жоқ. Соғысқа қатысқан. 9-сыныпта оқып жүргенімде куәлік алатын уақыт келді. Сонда әкем «Әбішев біздің тек емес, мен саған өзімнің атымды беремін», деді. Сонда қиын заманда жан сақтап қалу үшін бірнеше үй Әбішев болып жүрген екен.
Әкем «Ғазиза Әбдінәбиева боласың, менің атымды сен шығарасың» деген. Отбасымызда үш қыз болдық. Қазақта ұл балаға ерекше қарайды ғой. Бізде ұл болмады. Мен үйдің ортаншысымын. «Әкемнің атын қалай шығарамын?» деп ойлайтынмын. Ол кісінің екі-үш сөзімен адам болдым, ақылы мені осы күнге жеткізді. «Қарапайым бол, жұрттың батасын ал! Қандай қиындық болса да, жарқырап жүр», деп айтатын. Солай есейдік, оқыдық. Есейгенде әкемнің сөзі дұрыс екенін түсіндім.
Әкем тұтқында болып, одан кейін мал бағуға Сырдарияның ар жағына жіберілген. Онда да қой емес, сиыр баққан. Ендігісі, менің тапқан жігітім малшының баласы болды. Күйеуіме «мен әртіспін, сахнада жүремін. Менің өнерім қиын, қызғансаң отбасы бола алмаймыз», дедім. «Бұл сөзге қайтып оралмайық», деді. Осы күнге дейін оралмадық. Оның да жақсылығын айту керек», - дейді әртіс.