20 ғасырдағы ең күлкілі оқиғалардың бірі 1938 жылы болды. Америкада «SBS» радиостанциясында Герберт Уэллстің «Ғаламдар соғысы» романы бойынша радиоспектакль өтті. Радиоспектакль кезінде «Жер бетіне Марстан келген келімсектер шабуыл жасап жатыр, адамзатты жалмап жатыр» деген хабар келген кезде радиоспектакльді тыңдап отырған тыңдаушылар түсінбей, тікелей репортаж деп ойлап, көшеге шығып, қаша жөнеледі. Сол күні байлаулы ит, қамаудағы құс, барлық жануарлар босатылды. Азаттық емес, ел ішінде тараған жалған ақпарат үшін.
Эфирден соң бұл ойын екені айтылды. Бірақ, ешкім оған құлақ аспады. Марстан келген құбыжықтарды «өз көзімен көргендер» мен қашып шыққандар да табылды. Ақпарат екі күннен соң расталып, үйінен кеткендер қайта оралды. Осылайша, қисынсыз әзіл Американы дүр сілкіндірді.
Әрине күлкілі болса да, бұл оқиға адамзат тарихында жаңа дәуірдің басталғанын сипаттайды. Бұл - ғарышпен қарым-қатынас. Тыңдармандар осындай жағдайға қалай сенді? 20 ғасырдың адамдары үшін ғарыш дәуірі қашан басталды? Ал, Қазақстанда ғарыш дәуірі қашан бастау алады?
«Шетел жазушыларының қиялы XVIII-XVIII ғасырдың өзінде жұлдызды әлемге ауған. Ал, біздің ғарыштық дәуір Байқоңырдан басталды. 1957 жылы 4 қазанда Жердің тұңғыш жасанды серігі ұшты. Одан кейін жазушылардың жұлдызды әлемге ғарышкерлердің сапары туралы шығармалары пайда болды. Оған дейін адамдар жұлдызды, әлемді бақылап, көргенімен ойы ертегіге толы болды. Ал, одан кейін адамның ой өрісі өзгерді», дейді жазушы Жүніс Сахиев.