Әбіш Кекілбаевқа арналған бағдарламада жазушының көзін көргендер мен аяулы жары сыр шертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әбіш Кекілбаевқа арналған бағдарламада жазушының көзін көргендер мен аяулы жары сыр шертті

13.11.2017

«Qazaqstan» Ұлттық арнасының «Ұлы дала ұлағаты» бағдарламасы заңғар жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың өмір жолына арналды.

Бала болып ойнауды білмеген, бір минутын босқа шығындауға қимайтын бала Әбіш Маңғыстау облысында дүниеге келген. Кішкентайынан аңыз-ертегілерді, ғибратты әңгімелерді санасына құйып өскен зерек бала хат таныған соң әдебиетпен сусындады.

Дәстүрлі шешендік өнерді бойға сіңіру бір бөлек, оны одан әрі дамыту басқа дүние. Әбіш Кекілбаев осы екі шаруаны да толығымен орындады.

Қазақтың киелі сөз өнерін меңгеріп, бір деңгейге шыққаннан кейін сол өнерге әсер ете бастады. Өзі жаңалық енгізе бастады. Оның ауқымын, шекарасын кеңейте бастады.

«Менің есімде қалғаны, Әбіш университетте әдебиет жиынында көзге түсті. Ол Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы жөнінде баяндама жасады. Содан бері осы роман туралы қанша мақала жазылса да, ешқайсысы студент Кекілбаевтан аса алмады. Қазақ қоғамында әрі-бергі заманда өткен даналардың біреуі еді. Ол данышпан еді», -дейді Мырзатай Жолдасбеков.

Болмыс бітімі бөлек, ірі тұлға 3 жасында әкесінен жетім қалып, анасының тәрбиесінде өскен.

«Әбіштің анасы өте ұлағатты адам, ақылды кісі еді. Ешкімді жамандамайтын, көп сөйлемейтін. Бір айтқаны дұрыс келетін. Әбіштің жолдастарын құшағын жайып қарсы алатын», - дейді Әбіш Кекілбаевтың жұбайы Клара Жұмабайқызы.

Хабарламаларға жазылу