Балалар мен жастарға арналған «111» ұлттық сенім телефоны туралы білесіз бе? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалар мен жастарға арналған «111» ұлттық сенім телефоны туралы білесіз бе?

20.11.2017

1989 жылдың 20 қарашасы – БҰҰ Бас Ассамблеясының Бала құқықтары туралы конвенцияға қол қойған күні. Бала құқықтары туралы конвенция тәуелсіз Қазақстан үкіметі 1994 жылы ратификациялаған тұңғыш халықаралық келісімшарт та атанды.

Биыл Дүниежүзілік балалар күні әлемнің барлық елдерінде ерекше атап өтіледі. Осы күні бүкіл дүние жүзіндегі балалар мен жасөспірімдер өздері, өз мүдделері мен қажеттіліктері туралы ашық айтады.

Бұл күннің маңыздылығы қандай? Елімізде осы күнге орай қандай шаралар өтуде? ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жанынан ашылған Балалар мен жастарға арналған «111» ұлттық сенім телефонының басшысы Ысқақ Қашқынбайұлы осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

«Елімізде осы күнге орай көптеген шаралар бастау алды. Қазіргі таңда бала құқықтары жөніндегі ЮНИСЕФ Балалар қоры мен халықаралық балалар қорының бастамасымен конференция ұйымдастырылуда. 

Бүгін Астана қаласының Оқушылар сарайында балалар мен жастардың шығармашылық фестивалі өтіп жатыр. Бұл шараларға жақын және алыс шет елдерден қонақтар, халықаралық сарапшылар келді.

Осы шара аясында балалардың қатысуымен 13 тақырыптық диалог алаңдары құрылған болатын. Мысалы, «Бала және заң», «Бала және білім беру», «Бала және денсаулық сақтау».

Бүгіннен бастап 24- қарашаға дейін еліміздің барлық өңірлерінде балалар арасында 111 ұлттық сенім телефоны насихатталады. Одан басқа, мектептерде сынып сағаттары, тренинг, ойындар өтеді. Осылайша балалар Қазақстандағы осындай сенім телефоны туралы хабардар болады», - дейді Ысқақ Қашқынбайұлы.

Хабарламаларға жазылу