«Таңшолпан». Бүгін – Қазақстанға таэквандо спортын алып келген тұлға Мұстафа Өзтүріктің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан». Бүгін – Қазақстанға таэквандо спортын алып келген тұлға Мұстафа Өзтүріктің туған күні

23.11.2017

Бүгінгі таэквондодан қара белбеудің 6-шы дан иегері, Қазақстан Таеквандо федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің туған күні.

Елімізге шығыс жекпе-жегі таэквандо спортын алып келген осы тұлға. Даңқты спортшы, әйгілі Брюс Лидің көзін көрген, екеуі бір ұстаздан білім алған. Бүгінде таэквандо спорты елімізде қарқынды дамып келе жатыр. Шәкірттері байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем етіп жүр.

Ол тәуелсіздік алған тұста атажұртына оралды. Өз естеліктерінде Мұстафа «ұшақта отырып, қазақ тілінде емін-еркін сөйлесіп отырған адамдарды көргенде, іштегі сарнап жатқан күйді естігенде ерекше толқыдым», деп жазады.

Мұстафа - аталары қиын қыстау заманда Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі. Негізгі мамандығы - журналист. Таэквандоға оқып жүріп ынтасы ауған. Кейін Германияда, одан соң Түркияда ең алғаш таэквандо мектептерін ашып, осы елдің жастарымен біраз белестерді бағындырды. Тіпті Түрік елінде жүргенде киноға түсіп, актерлік шеберлігімен көпті тәнті еткен.

Мұстафа елге келген соң бірден таэквандо мектебін ашуды қолға алады. Оның мұрындық болуымен 1991 жылы федерация құрылып, 1992 жылы Қазақстан халықаралық таэквандо ұйымына мүше болды. Дәл сол жылы тұңғыш рет Мұстафа шәкірттерін жетелеп, әлемдік сайыста бақ сынау үшін Түркияның Стамбул қаласына аттанады.

Хабарламаларға жазылу