Суретші Әлібай Бапановтың «Келбеті»: «Кейбір туындыларға жылдар өте ораласың...» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Суретші Әлібай Бапановтың «Келбеті»: «Кейбір туындыларға жылдар өте ораласың...»

30.11.2017

Гобеленші, суретші Әлібай Бапанов бүгінгі «Келбет» бағдарламасының кейіпкері болды.

«Ата-анам сурет салумен айналысқан жоқ. Бірақ, еңбекқор болды. Әкем егін егіп, арық қазған кезде қасында жүретінмін. Анам құрақ құрайтын. Әр матаның суретін үйлестіріп, тігін тігетін. Соны көріп өстім. Әкем соғысқа барып, аман оралды. Өзі оқымаса да, мені және бауырымды оқытты.

1973 жылы Алматы сурет училищесін бітірдім. Жақсы бітірген түлектерді Мәскеуге жіберетін. Мәскеуге барып, Көркемсурет академиясына түсіп, 1979 жылы бітіріп шықтым.

Суретші шабыт алу үшін Айдың тууы, толысуы, Күннің батуы, түнеруі -  осының барлығы әсер береді. Кез келген туынды тез шыға қоймайды. Мысалы, адамның мүсінін жүз өзгертесің. Кейде қылқаламды алғанда сурет бірден шыға келеді. Кейде бір ай немесе одан да артық уақыт керек. Кейбір жұмыстарға жылдар өте қайта келесің. Сонда ғана соңына жетеді.

Жас келген сайын қолдың иекемі болмағанымен, ойлау жүйесі күшейе түседі. Өйткені, тәжірибең молайған. Бастысы – ойды көрсете білу. Тек қана материал емес, суретшінің ойы маңызды. Соңғы кезде заманауи өнер түрлі бағытта дамып жатыр. Жас суретшілер көп ізденеді», - дейді қылқалам шебері.

 

Хабарламаларға жазылу