«Таңшолпанға» 25 жыл. Бағдарламаның алғашқы режиссерлері мен ассистенттері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпанға» 25 жыл. Бағдарламаның алғашқы режиссерлері мен ассистенттері

06.12.2017

1985 жылы Театр және кино институтын тәмәмдап, «Қазақстан» телеарнасына жұмысқа келген Уәлихан Исабаев алғашқыда «Арт» жастар студиясында қызмет еткен. Ол - «Таңшолпан» бағдарламасында жаңа хабардың шаңырағын көтерген режиссерлердің бірі.

«Алғашқыда «Таңшолпанның» ритмі өте сұмдық болған. Күніне екі сағаттық бағдарлама жасау керек. Ал, күніне 2 сағаттық материал жинау өте қиын. Телевидениеде жүріп, үлкен тәжірибе жинадым. Мықты режиссерлердің өзі де телевидение саласында жүріп, деректі фильм түсіруден бастайды», - дейді алғашқы режиссер Уәлихан Исабаев.

Таңғы бағдарламалар арқылы шығармашылық жолы жалғасқан режиссер болашақта кино түсіруді сол уақытта армандаған екен. Телеарнадан кеткен соң біржола киноға бет бұрған. Қазір бірнеше фильмі жарыққа шыққан. «Қарлығаш», «Әйгерім» секілді кинотуындылар шынайы өмірді, адамдар арасындағы қарым-қатынас пен отбасындағы құндылықтар жайында баяндайды.

Қазіргі бағдарламалар компьютерде жасалады. Ал, ол кездегі хабарлардың барлығы кассетаға жазылатын. Тікелей эфирге шығатын «Таңшолпанның» сюжеттерінің қандай кассетада, қай минутта тұрғанын жатқа білу - режиссер ассистенттерінің негізгі міндеттерінің бірі.

Бибігүл Жуарбаева Ұлттық арнаға жолы түскенде міндеті түрде бейнеқордағы әріптестеріне кіреді. «Таңшолпанның» материалдарын іздегені кешегідей есінде. Режиссердің ассистенті әрбір кассетаны жатқа біледі. Тікелей эфирдегі кез келген сәтті қалт жібермей отыра белетін ассистентке әріптестері де сенім арта білді. 1993 жылдан бастап «Қазақстан» телеарнасына келген Бибігүл 2003 жылы басқа салаға ауысқан.

Хабарламаларға жазылу