Бүгін жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы 75 жасқа толып отыр. Мерейтой иесі студия қонағы болды.
Қажығали Мұханбетқалиұлы қазақ оқырманына «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Қайдасың сен, махаббат?!», «Жалғыз жиен» кітаптары арқылы таныс. «Тар кезең» романын жазушы өзінің басты шығармасы деп санайды. Даңқты Сырым Датұлы туралы бұл роман - әдебиетіміздегі тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар арасындағы айтулы еңбектердің бірі.
Сондай-ақ, жазушы Р.Акутагаева, С.Моэм, Ги де Мопассан, Д.Фонвизин, басқа да шетелдік қаламгерлердің шығармаларын қазақ тіліне аударған.
«Соңғы 20-25 жыл шамасында қаламгерлерге қаламақы төленбейді. Алайда, олар да күн көріп, отбасын асырау керек. Осыған байланысты кейбірі кәсібін тастап, бизнеске ауысып кетті. Оларды да түсінуге болады. Біз үлкен қиналыстың үстіндеміз. Кітаптар аз тиражбен шығады. Елімізде 12 мыңға жуық кітапхана бар. Ал, кітаптар 2 мың данамен шығады. Ол барлық кітапханаға жетпейді. Саудада тіпті жоқ. Кейінгі жастардың алдында ұят. Қолдарына кітап тимеген соң, қайдан оқысын?! Бұл - екіжақты нәрсе.
Әрине, мерзімді басылымдарда шығармалар басылып жатады. Бірақ, ол бірмезеттік сәт. Кітап болмаған соң жазушы туралы ой түюге мүмкіндік жоқ», - дейді жазушы.