Жазушы, драматург Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» шығармасы өмірі мен шығармашылығының соңғы кезеңдерінде жазылған. Басында киносценарий түрінде жоспарланған туынды араға біраз жылдар салған соң Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында сахналанып отыр.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асқар Сүлейменовтің осы шаңырақта бірнеше туындысы сахналанған. «Жетінші палата», «Кек», «Төрт тақта-жайнамаз» шығармалары мен «Ақымақ болған басым-ай» сынды аудармасы театр репертуарынан орын алып, бірнеше жыл аншлагпен жүрді. Ал, «Адасқақ» еліміздің басқа театрларында бұрын-соңды қойылмаған.
Қаламгердің шығармашылығының барлығы дерлік драма диалог түрінде жазылған. Әнші, композитор Біржан сал жайлы қойылымның ерекшелігі - ол өмірбаяндық шығарма емес, өнербаяндық толғау. Асқар Сүлейменов - жазуды өнер, үлкен идея деңгейіне көтерген философ суреткер.