«Сазгер» бағдарламасының кезекті шығарылымы еліміздің танымал композиторларының бірі Бақытжан Қажымұқановтың шығармашылық кешіне арналды.
Сазгер жүргізушінің сауалдарына жауап беріп, естеліктерімен бөлісті.
«Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» деген бір әні бар еді. Сол әнді жаттап алып, есік алдында айқайлап жүріп айтады екенмін. Содан бір күні қызық оқиға болды. Ол кезде 4 жаста болатынмын. Розаның теледидардан ән айтып жатқанына терезеден қарап тұрып, «мама, мама, осы Роза Рымбаеваның күйеуі бар ма?» деп айтып қалыппын. Сөйтіп бүкіл қонақтың күлгені бар. Сонда әзілқой жеңгем «не бопты, күйеуі болайын деп пе едің?» деген сөзі есімде. Ұялғаным сонша қызарып қашып кеткен едім. Кейін міне, құдайдың бұйырғаны Розамен бірге талай жұмыс істестік, істеп жатырмыз да», - деді Бақытжан Қажымұқанов.
Айта кетейік, аталған кеште Роза Рымбаева танымал сазгердің «Аққу» деп аталатын әнін шырқады.