Қазақ қандай салт-дәстүрінен қол үзіп қалды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ қандай салт-дәстүрінен қол үзіп қалды?

23.12.2017

Дәстүр-салтқа келгенде расында бұрын бір-бірін ыммен түсетін қазақ, қазір бір-бірін тілмен түсінбейтін жағдайға жетті. Өйткені, жарықтың жылдамдығымен дамып бара жатқан бүгінгі қоғам өткеннен жеткен рухани азыққа үрке қарап үрпиісе қалатынды шығарды.

Домбыра тарту харам деп, намаз оқымайтын адамның бәрін мейлі ол ата-анаң болсын кәпір деп көкіп жүргендердің есін кіргіземіз деп табанымыздан таусылып жүргенде қазақтықтың қазығы болар салт-дәстүріміздің талайынан айрылып қалыппыз. Мәселен, ат тұлдау деген бар. Ол не десеңіз, ер адам қайтыс болғанында мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сойған. Сондай-ақ, қазан шегелеу деген бар. Бұл да біздің дана халықтың ықылымнан келе жатқан дәстүр салты. Мағынасы - жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді екен меймандарға. Тағы бір ескі де болса, есті салт - Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болып, қонып кеткен сыйлы адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Ел аузында Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған деген әдемі әңгіме бар. Өзгенің қаңсық дүниелерін таңсық көріп жүргенде қазақ қандай байлығынан қол үзіп қалды? Гүлжазира Ғалиқызы көрсетеді...

Хабарламаларға жазылу