Ол кезде сурет мектебі түгілі өнер орталығы да жоқ еді. Бірақ, бала Әбілханның құмға сызған суреттері оны алыс арманға жетеледі. Қылқалам шебері сөзбен жеткізе алмаған идеяларын сурет арқылы бейнелеп көрсететін.
Қастеевтің атағы дүрілдеп шыққанымен бір рет те шетелде болмапты. Сол кезеңде оны ешқайда шығармаған. Қазақстанның халық суретшісін неге елден шығармады? Өзінің құпия құжатында Қастеев бір кездері жасырынып Қытай асқан болса керек. Сол кезде шекарашылар қолға түсіріп, лагерьге апарып, қамап адам жаны төзгісіз жұмыстар істетеді. Лагерьде 1 жылға жуық болып, ақыры елге қашып келеді. Бірақ, суретші ол туралы ешкімге тіс жармайды. Үкімет басшылары осы жайтты себеп қылып халық суретшісінің шығармашылығына тоқтау салып отырды. Алайда, Қастеев өз қарсылығын суреттерінде құпия түрде көрсетіп отырған. «Амангелді сарбаздары» картинасы суреттің кішкентай бөлігі ғана тарихқа сілкініс жасап тұр. Мұндай саяси мәні бар Қастеевтің суреттерінен өнертанушылар әлі де құпияларды зерттеп жатыр.
Ал, киіз үйді, қазақтың кең даласын бейнелегенде Қастеев асқан жауапкершілікті сезініп, әр бояуынан туған жерге деген сүйіспеншілігін байқатады.
Суретші көптеген қазақтың ұлы тұлғаларын аса дәлдікпен салған. Әбілхан Қастеев өмір бойына 4 мыңға жуық шығарма салған. Картиналарының барлығы тағдырлы, көрерменге өзінше тіл қатады.