«Парасат майданы» хабарының кезекті шығарылымы музей тақырыбына арналды.
Студия қонақтары - музей саласының мамандары Нұрсерік Жолбарыс және Жандос Әубәкір.
Аталған бағдарламада хабар жүргізушісі мен қонақтары музейдің маңыздылығы, оған деген көзқарас, жәдігер жинау сондай-ақ, отандық музейлердің бүгінгі таңдағы мәселесі жайлы сөз қозғалды. Бұдан бөлек, шетелдегі жәдігерлерді елге қайтару мәселесі де тілге тиек етілді.
Бағдарлама басында музейдің маңыздылығына тоқталған Жандос Әубәкір осыған қатысты былай деді:
- Музей – өркениетіміздің ең биік шыңы. Онда тарихымыз да, дәстүріміз де, құнды жәдігерлеріміз де жинақталған. Көп адамдар музейді жәдігерлер жинақталған орын ретінде ғана бағалап жатады. Шындығында, музей ғылымның, тарихтың ортасы.
Өз кезегінде, Музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс отандық музейлердің мәселесіне тоқталып, өз ойын білдірді. Оның айтуынша, елімізде музей саласында мамандар тапшы және музей саласында жұмыс істейтін мамандардың басым көпшілігі тарихшылар, филологтар екен.