«Парасат майданы». Қазақ оқырманы шетелдік шығармаларды өз тілінде қашан оқиды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Парасат майданы». Қазақ оқырманы шетелдік шығармаларды өз тілінде қашан оқиды?

27.01.2018

«Парасат майданы» бағдарламасында талқыға түскен мәселенің бірі - қазақ оқырманының әлемдік классикаға қол жеткізу хақы мен аударма мәселесі.

«Сезімтал ақындар емес, көреген ақындар көбейді. Олардың қатары көбейсе, әдебиет өлді», - дейді Бальзак. Қоғам айнымалы, бір ғасыр бұрынғы әдебиеттің жауһарын бүгінгі оқырман аса оқымайды. Ол шығармалар қолдан түсіп, сөреге шықты. Буыны бекіген адамға «әдебиетті оқы» деп, ақыл айтып, жөн сілтей алмайсың. Себебі, адамның сөз өнеріне деген құрметі мен қызығушылығы бала кезден оянуы тиіс.

Осыдан бір мүшел бұрын «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынған. Жобаның шарапатын әдебиет те көріп қалған еді. Шетелдік шығармалар аударылып, оқырмандарға қазақ тілінде озық туындылар ұсынылған. Кейін ол саябырсып қалды. Бағдарлама барысында осы тақырыпқа қатысты қойылған сұрақтар мен жауаптарға назар аударсақ:

Бүгінгі таңда қазақ баласының қазақ тілінде оқып, әлемдік әдебиет туралы пікір қалыптастыруға мүмкіндігі бар ма?

«Мүмкіндігі тіптен жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ, оның неғұрлым кеңейе түскені біздің қалап отырған дүниеміз. Бізде аударма ісі кең дамыды деп айта алмаймыз. Бүкіл әлемнің жаңадан басылып шығып жатқан  шығармалары болсын немесе бұрынғы классикалық дүниелері болсын, барлығы бірден аударылып, оқырманның алдына дайын күйінде тұр деп ешкім айта алмайды», -  дейді Ақтолқын Құлсариева.

Оқушыларға орыс әдебиеті деген пән не үшін керек? Біз неге әлемдік әдебиеттен бөліп алып, әлі күнге дейін орыс әдебиетін береміз? Балалар бала кезінен әлемдік әдебиетті неге мектеп бағдарламасында оқып шықпайды?

Бұл сауалға қатысты ақын Оңайгүл Тұржан:

«Ғаламшардың әр жағында қаншама әлем бар. Соны біз тани алмай, тек қана орыс әдебиетіне келіп соғыла береміз. Әр жағын көре алмай, есігін аша алмай тұрмыз», - дейді.

«Бізде этностар арасындағы басты қарым-қатынас құралы орыс тілі болғандықтан, осы орыс әдебиеті пәні оқытылуда. Неліктен біз Шығысқа немесе араб әлеміне орыстар арқылы баруымыз керек, неге бізге тікелей бармасқа?! Қазір үштілділік тұрғысынан келгенде жастарымыз ағылшын тілін де біледі. Қаласа араб, қытай тілдерін оқып-үйренген мамандар жетерлік». Бұл - мәдениеттанушы Ақтолқын Құлсариеваның пікірі.

 

Толық нұсқа 

Хабарламаларға жазылу