Нұрбигүл Егізова: Жарымның бойындағы жауапкершілікті бағаладым - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрбигүл Егізова: Жарымның бойындағы жауапкершілікті бағаладым

06.02.2018

Тележүргізуші, актриса Нұрбигүл Егізова «Бақытты әйел» бағдарламасының «Мақпалдың мекені» айдарында қонақта.

Жақында тұрмыс құрған ол: «Жарымның отбасы мен үшін ең жақын жандарға айналды. Келін болып түскеннен сәлемімді салып, орамалымды тағып жүрмін. Келін шай атқарылды. Сәлем салған өзіме де ұнайды», - дейді.

«Әр қыз бала жанындағы серігінің өз ісіне деген жауапкершілігін бағалайтыны анық. Мен де болашақ жарымның бойынан ең бірінші сөзіне, ісіне берік азамат екенін байқадым. Одан кейін, өзім әжемнің қолында, дәстүрді берік ұстанатын отбасында тәрбиеленгендіктен, қазақылығы баурады. Білімді, жүрегінде иманы бар азамат. Қаталдығы да бар, керек жерінде жұмсақтық та таныта алады. Осылайша, менің көңілімнен орын алды.

Тұрмысқа шығатын адамыңды, өз азаматыңды жолықтырғанда іштей бір белгіні сезесің. Сондықтан, ол адамның қолынан ұстап, әрі қарай бірге болуға қорыққан жоқпын. Қыздарға айтарым, тұрмысқа  шығудан қорықпау керек. Бұл да жаңа бір мамандық».

Тележүргізуші Ұлттық арнаның «Бірге таңдаймыз!» бағдарламасының тізгінін ұстағаны көрерменге мәлім. «Әрине, эфирді сағынамын. 2007 жылдан бері осы саладамын. Бастысы, жолдасым шығармашылығыма қарсы емес», - дейді.

  

Хабарламаларға жазылу