Ақын Қасымхан Сейітханұлы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Тұңғыш «Бастау» атты жыр жинағы 1980 жылы жарық көрді. «Қарашық», «Бесіктен бейітке дейін», «Сағыныш, т.б. кітаптардың авторы. Өлеңдері орыс, түрік, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Қаламгер Алматы студиясының төрінде қонақ болып, шығармашылығы туралы сөз қозғады.
«Былтыр қараша айында Астана және Алматы қалаларында «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты кітабымның тұсаукесері өтті. Бұл кітапта қазақ этнографиясы, қазақ психологиясы, қолөнеріміз туралы жазылған. Одан басқа, академиктермен, мамандармен сұхбаттар бар. Әр аймақтардағы қазақтың өнерінің, дәстүрінің қалыптасуына қатысты сұрақтарға жауап берілген. Кітаптың 4 томы бір-бірін қайталамайды, тек толықтырады», - дейді ақын.