Қазақ Мемлекеттік циркінің Астанаға гастролдік сапары басталды. Цирк ұжымы 9 наурыз бен 1 сәуір аралығында елордалық көрермендерге «Skifiy» лазерлік шоуын ұсынбақ.
Осыған орай мекеме директоры Бақыт Бөкебаев және ерлі-зайыпты акробаттар Әділет Тиканов пен Камила Күркембаева «Таңшолпанға» сұхбат берді.
Студия қонақтары цирк жетістіктері, жаңалықтарымен бөлісті.
«Қазақ циркі көрермендерді 48 жыл бойы қуантып келе жатыр. Жалпы, Қазақстанда 4 цирк бар. Ол Астана циркі, Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік циркі, Шымкент және Қарағанды қаласындағы цирктер.
Қазақ мемлекеттік циркінің әлемде өз орны бар, дүниежүзілік фестивальдар мен байқауларда жүлделерге ие болып жүр. 70-ші жылдардан бастап қызмет атқарып, жас әртістерді дайындап жатқан ардагер мамандарымыз бар.
Адам циркке адам ресурсының мықтылығын, мүмкіншілігінің шексіздігін көру үшін, ғажайып шоу мен музыка үшін барады. Үлкен мемлекеттер арнайы фестивальдар өткізеді. Қазіргі таңда біздің елде де циркке қолдау көрсетілуде. Әртістеріміз көбеюде. Біраз әртістеріміз шетелге барып жұмыс істеп, қазақ цирк өнерін танытып жүр», - дейді Бақыт Бөкебаев.