Қаршыға Ахмедияров орындаған 500-ден астам күй радио, телевизия мұрағаттарында сақтаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаршыға Ахмедияров орындаған 500-ден астам күй радио, телевизия мұрағаттарында сақтаулы

25.03.2018

Бүгін белгілі күйші, домбырашы  Қазақстанның Халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 72 жыл. Көпшілік арасында өнер иесіне күй Қаршығасы, саңлақ күйші, күй аспанының Қаршығасы, ғасырдың күйшісі деген атаулар берілген. Қаршыға Ахмедияров қазақ композиторларының күйлері мен әлемдік туындыларды домбырамен шебер орындай білген өнер иесі. Қазақтың осы бір киелі аспабымен талайды тамсандырған күйші 1981 жылы АҚШ-та күй тартқанда көрермен ұзақ қол соғып, сахнадан жібермей тұрып алған екен.

Ол 1946 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Күйге құмар бозбала Алматы мемлеткеттік консерваториясында Қали Жантілеуов, Құбыш Мұхитов, Уәли Бекенов сияқты майталмандардан дәріс алды. 1967-1991 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, концертмейстер, дирижер қызметтерін атқарды.

1974 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында  шәкірт тәрбиелеумен қатар зерттеу жұмыстарымен айналысқан.

Қаршыға Ахмедияров «Нарын, «Қуаныш», «Сағыныш», «Нұрғиса», «Қыз ғұмыр», «Ақ қайың»,  «Алтын ұя» секілді көптеген күйлердің авторы.

Хабарламаларға жазылу