2017 жылы елімізде өрт қауіпсіздігін бұзған сауда орталықтарына 21 айыппұл салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2017 жылы елімізде өрт қауіпсіздігін бұзған сауда орталықтарына 21 айыппұл салынған

31.03.2018

25 наурызда Ресейдің Кемерово қаласындағы сауда орталығы отқа оранды. Құтқарушылар тілсіз жауды ауыздықтаймыз дегенше, іштегі қыдыруға келген ел естен танды. 64 адам көз жұмды, оның 41-і сол сауда орталығына ойнауға, кино көруге келген бөбектер. Ғимарат отқа оранғанда кинозалдың жабық есіктерін бұзып шыға алмай шырқыраған балалар ата-аналарына телефон соғып құтқаруларын өтінген. Бірақ, жанұшыра жеткен әке-аналар жалаңдаған оттан ішке кіре алмады, кейбірін қауіпсіздік мақсатында құтқарушылар ғимаратқа жібермеген.

Улы түтінге тұншығып өмірден үміттерін үзген бөбектер ата-аналарына қайта қоңырау соғып, оларды жақсы көретінін, ешқашан ұмытпайтындарын айтып жан тәсілім еткен. Мұның барлығын апаттан кейінгі митингте қайтыс болған балалардың ата-аналары айтты, айыптылардың қатаң жазаға тартылуын талап етті. Дінге, тілге, ұлтқа бөлінбейтін жұрттың бәрінің қайғыдан қабырғасы қайысты.

Кемероводағы апаттан соң Қазақстандағы құтқарушылар аяқасты брифинг беріп, шенеуніктер әлгіндей апатты болдырмау үшін не бітіріп жатқандарын жарыса айтуға кірісті. Сөйтсек, елімізде 1151 ірі сауда орталығы бар екен. Олардың қауіпсіздік жүйесінен 2017 жылы ондаған қателік анықталып, 21 рет айыппұл салынған.

Осы тақырыпқа қатысты «Мәселенің» журналисі Сәбит Әлдебай тікелей байланысқа шығып, баяндайды.

Хабарламаларға жазылу