Бүгін Ұлттық арна эфирінде «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс жобасының бесінші бөлімі өтті. Кезекті жұп ретінде қостанайлық Салтанат Өтелбаева мен алматылық Шұғайып Сезімханұлы шықты.
Алғашқы кезеңде айтыскерлер «Әннің де естісі бар, есері бар» тақырыбында сөз жарыстырды. Қазылар алқасы бірінше кезеңде Шұғайып Сезімханұлына 39 ұпай берсе, қостанайлық ақын 38 ұпай еншіледі. Дегенмен, пікір білдірген Алтынбек Қоразбаев екі айтыскердің де тақырыпты ашқанын атап өтті.
Ал, екінші бөлімде ақындардың бірі теледидар, бірі интернет болып айтысты. ҚР Халық ақыны Әсия Беркенова «екеуі де тақырыпты өз өрелері жеткенше ашты»6 деген пікір айтса, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов екінші кезеңнің көңілден шыққанын жеткізді. Ал, профессор Намазалы Омаш екінші бөлімде Салтанаттың интернет проблемаларын ертерек қозғағанда, он қоятынын айтты. Ақындарға баға беру нәтижесі бойынша Шұғайып Сезімханұлы бұл жолы да 1 ұпайға басым түсіп, келесі кезеңге өтті.
Айта кетейік, бұл айтыстың бұрынғы айтыстардан ерекшелігі – аға буын мен жастар сөз додасына түседі. Ақындардың өнеріне баға беретін қазылар алқасының мүшелері – ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, профессор Намазалы Омаш, ҚР Халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.
Естеріңізге сала кетсек, «Жүрсіннің жүйріктері» жобасы Ұлттық арнада әр апта жексенбі күні сағат 21:00-де көрсетіледі.