Ақын, жазушы Мұқағали Мақатаевтың қазақ руханиятында алар орны қашанда биік тұратыны белгілі. Дегенмен, соңғы кездері әлеуметтік желіде ақынның өміріне қатысты келеңсіз жайттар жазылып жатыр.
Қазақ поэзиясындағы мұзбалақ ақынның келіні Бақыткүл Қыдырбайқызы Мақатаева «Таңшолпан» бағдарламасының қонағы болып, осы жағдайға қатысты өз пікірімен бөлісті.
«Әрине, қазір халық әлеуметтік желіні үнемі қолданады. Оның ішінде үлкен буын да бар. Осы ойға қатысты ақынның жанашырлары бізге де хабарласты. Олар өз реніштерін білдіріп, сұрақтар қойып жатыр. Бұл көңілге тиетін жайт.
Өзінің халқына сеніп, асыл-мұрасын қалдырып кеткен ақынға осындай келеңсіз дүниелерді айту – дұрыс емес. Ол кісінің өзі кезінде айтып кеткен:
Ойлаңдар, достар!
Өнерде «жарыс» болмайды!
Өресі жетпей,
Күндестік болған оңбайды!
Бұл осы келеңсіз жағдайға қатысты алдын-ала жазып кеткен дүниесі. Мен кейбір адамдардың «Мұқағали күнделікті пендешілікке салынып жүрді» деген пікірімен келіспеймін. Мысалы, «Үш бақытым» өлеңінде, бірінші бақыт - халқым, екінші бақыт - тілім, үшінші бақыт - Отаным деп айтып кеткен. Мұндай керемет өлеңдерді дүниеге әкелген ақынды ғайбат сөзге қалай қиямыз?
Өлеңді өмір деп санаған, өміріне өлеңді желеу еткен ақын халқына өлеңдерін мұра етіп қалдырды. Ал, ұрпағы оны жүректеріне түйіп алып, қорған ретінде пайдаланып жүр. Оның өлеңдері жігерлендіреді, рухтандырады, қайрат береді.
«Менің өлеңдерімді рет-ретімен, жылдарымен оқитын болсаңыз, менің үлкен тұлғам шығады. Сол кезде мені ақын емес деп айта алмайсыздар», деп күнделігінде белгілеп кеткен. Ол кісіні өлеңінен бөлек қарауға болмайды. Оның өлеңі – өмірі. Ол қамшының сабындай ғана өмір сүрсе де соңына мол мұрасын қалдырып кеткен ақын», - дейді қонақ.