23 жасында еліміздегі ең жас ғалым атанған Дина Бұғыбайқызы: Кез келген бизнесті кішкентай қадамнан бастау керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

23 жасында еліміздегі ең жас ғалым атанған Дина Бұғыбайқызы: Кез келген бизнесті кішкентай қадамнан бастау керек

19.04.2018

Әйел бақытты болуы үшін оның сүйікті кәсібі, ісі, ошағы болуы керек. «Мақпалдың мекені» айдарының қонағы -  осы мысалдарға лайық Дина Бұғыбайқызы. Дина заң ғылымдарының кандидаты, төрт баланың анасы, Ақтау қаласындағы екі мейрамхананың иесі. Студия қонағы өз жетістерімен бөлісті.

«Заң факультетін үздік бітіріп, 23 жасымда Қазақстандағы ең жас ғалым атандым. Бұл өмірдегі ең бірінші жетістігім болды. Оны ұмыту мүмкін емес. Оны тек басынан өткен адам біледі. Әбден қиналдым. Орыс тілінен қазақ тіліне аударып, ең бірінші болып қорғап шықтым.

Отбасымда алты қыз, бір ұл. Әкем психолог. Біздің тәрбиемізге әкеміздің үлесі көп тиді. Оқу бітіріп, Алматыға келдім. 24 жасымда 150 адамның алдына шығып, лекция оқыдым. Қатал ұстаз болдым. Әлі күнге дейін дәріс беремін. Ғылымды тастаған жоқпын. Заң саласында оқулықтар жаздым.

30 жасымда тұрмыс құрдым. Жолдасымның да өз айналысатын ісі бар. Екеуміз де қонақжаймыз. Жасымыз келіп үйленсек те, ол кезде ақшамыз болған жоқ. Алдымен асхана ашу туралы жоспар құрдық. 4-5 жылдан кейін жаңа форматта ресторан ашу туралы ой келді. Қаражаттың басын құрап, мейрамхана аштық. Бір жылдың ішінде Ақтауға танымал мейрамхана болды. Осы күнге дейін бір команда болып жұмыс істейміз.

Кез келген бизнесті кішкентай қадамнан бастау керек. Одан кейін іштей қорқу болмау керек. Мені осыған жолдасым үйретті. Күйеуім тәуекелшіл азаматтардың бірі.

Әрбір әйел үйде отырса да, қызмет жасап, кәсіппен айналасуына болады. Ол үшін жан-дүниесіне жағатын кәсіп болуы керек. Ішкі дүниені тыңдап, өзіне ұнайтын істі таңдау керек. Бұған барлық мүмкіндік бар. Ол әлеуметтік желі, оқулық, басқа да құралдар», - дейді қонақ.

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу