Бақытжан Сағынтаев: Ел үкіметі өзгерістерге бейімделіп, алға қойылған тапсырмаларды орындауға қашанда дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақытжан Сағынтаев: Ел үкіметі өзгерістерге бейімделіп, алға қойылған тапсырмаларды орындауға қашанда дайын

18.05.2018
Бақытжан Сағынтаев: Ел үкіметі өзгерістерге бейімделіп, алға қойылған тапсырмаларды орындауға қашанда дайын

Астанада өтіп жатқан «Global Challenges Summit 2018» форумының екінші күніндегі пленарлық отырысында сөз алған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Рухани жаңғыру», «Бес әлеуметтік бастама», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары турасында ой өрбітті.

«Бүгінде біз  2050 жылға дейін дамыған 50 елдің қатарына ену мақсатында жұмыс істеп келеміз. Сондай-ақ, біз «Рухани жаңғыру», «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламаларымен де жұмыс атқарудамыз. Сол себепті, стратегиялық мақсаттарды орындау үшін жылдам әрі өзгерістерге бейімделе білуіміз керек.

Қазір жекешелендірудің екінші толқынын өткізудеміз. ІРО процедурасы арқылы жекешеленуі керек ең үздік 65 компания қойылды. Өткен жылы жаңа Салық кодексін қабылдадық және 2018 жылдың салық реформасы инновациялық даму тетіктерін іздеуге бағытталған.

Сонымен қатар, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері жемісті мегажобаларды жүзеге асыруға бейім. Мысалы, Каспий қайраңын игеру, Астананың құрылысы, EXPO халықаралық көрмесінің өтуі. Ел үкіметі өзгерістерге бейімделіп, алға қойылған тапсырмаларды орындауға қашанда дайын».

Айта кетейік, АЭФ үш күнге созылмақ. 17 мамырда форумға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қарым-қатынас мәселесінде алпауыт мемлекеттердің негізгі проблемасын атады. Халықаралық деңгейдегі мұндай жиын елордамызда осымен 11-ші рет өтуде.

Хабарламаларға жазылу