1-2 маусым күндері Астананың 20 жылдығына орай теңге ілу және аударыспақтан Азия чемпионаттары өтеді. Осыған орай бүгін «Таңшолпанда» ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай қонақта болып, турнирге қатысты ақпаратпен бөлісті.
«Турнирге Азияның 9 елінен спортшылар қатысады. Тоғыз ел деген бір қарағанда аз көрінгенімен, енді ғана дамып келе жатқан ұлттық спорт үшін жақсы көрсеткіш деуге болады. Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Түркия, Ресейдің Алтай өңірінен теңге ілу мен аударыспақ құрамаларын күтіп отырмыз. Жүлде қоры – 14 миллион теңге. Өтетін орны – Астанадағы «Қазанат» ипподромы».
Бүгінгі таңда дәстүрлі спортқа әлем елдерінің де қызығушылығы артып отырғанын сөз еткен Рахат Жақсыбай:
«Жалпы, бүгінде этноспортқа әлем елдерінің қызығушылығы пайда болды. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» мақаласында «ұлттық код» деген сөз бар ғой. Сол ұлттық код осы ұлттық спортта көрініс табады. Ұлттық спортты білсеңіз, атқа мінсеңіз белгілі бір жігер пайда болып, қазақ екенің еске түседі. Осы процесс қазір әлем елдерінде де болып жатыр. Испания, Латын Америкасы, Азия, Африка елдерінде де осындай қозғалыстарды байқаймыз.
Сондықтан, біздің Ұлттық спорт қауымдастығы да осы үрдістен қалмай, алдағы ұйымдастырылатын барлық іс-шараларымызда екі миссияны көздеп отырмыз. Біріншісі – ұлттық спортты бұқаралық сипатқа көбірек айналдыру, екіншісі – халықаралық жарыстар арқылы біздің спортшылардың деңгейін көтеру»,-дейді.
Ел алдында жүрген танымал тұлғалардың қатысуымен өтетін «Жұлдызды көкпар» жарысы жайлы білгіңіз келсе, сұхбаттың толық нұсқасын қараңыз.