«Таңшолпан» бағдарламасы «YouTube» каналының «Күміс батырмасымен» марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан» бағдарламасы «YouTube» каналының «Күміс батырмасымен» марапатталды

03.06.2018

«Genesis YouTube Kazakhstan» компаниясы желідегі үздіктерді іріктеп отырады. Жазылушылар саны 100 мыңнан асқан және миллионды бағындырған авторлар олардың жіті бақылауында. Жыл сайын осы үздік авторлар түрлі батырмалармен марапатталады. Отандық вайнерлер мен блогерлер Алматы төріне жиналып, атаулы күнде түрлі марапаттарға ие болады. Мысалы, «YouTube»-та ең көп 1,5 миллион жазылушысы бар «Аминка Витаминка» алтын батырма алса, отандық  телеарналардағы оқырманы көп бағдарлама арналары күміс батырмаға ие болды. Олардың арасында «Таңшолпан» бағдарламасы да бар.

«Таңшолпан» бағдарламасы алыс-жақындағы көрермендер арасында ғана емес, әлеуметтік желіде де өте танымал. Мысалы, «Instagram» желісінде 41 600 жазылушысы болса, «Таңшолпан» бағдарламасы деп аталатын «YouTube» арна 135 мыңнан аса көрерменге қызықты ақпараттар мен танымдық сюжеттерді тұрақты түрде ұсынып отыр. Басты контент - тікелей эфирден өткен сюжеттер мен күн сайынғы эфир шығарылымдары.

Үш сағаттық тікелей эфирдің әр сәтін осы арнаға салып, желіні қызықты етіп жүргізіп отыратын мамандар мен ұжымның тынымсыз еңбегінің бағалануы үлкен қуаныш екенін де айта кеткен абзал.

Хабарламаларға жазылу