Дамыған елдер арбаға таңылған, толыққанды тіршілік кеше алмайтын жандарды мүгедек деп емес, ерекше адамдар деп қарастырады. Олардың ешкімнен кем болмауы үшін барын салады. Мәселен, АҚШ-та мүмкіндігі шектеулі жандардың баспана алуы үшін арнайы 6 бағдарлама қабылданған. Ал, Германияда ерекше жандар жұмысқа қабілетсіз болса, жәрдемақы алады, үйінің жалдау ақысын мемлекет төлейді. Ал, егер еңбек ете алса, оларға арнайы құралдар қойылады. Жұмысқа апарып, әкелетін көлік те беріледі. Оған қоса, мүмкіндігі шектеулі адамдар арнайы карта алады, соның көмегімен супермаркеттер мен дәріханаларда жеңілдіктер беріледі. Метро мен автобустарда арбамен мініп-түсуге арналған құралдар қойылған. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемдегі еңбекке қабілетті адамдардың 386 миллионы мүгедектер екен. Кей елдерде жұмысқа қабілетті болса да, қызметсіз қалған мұндай адамдардың үлесі 80 пайыздан асқан. Басты себеп - жұмыс берушінің мүмкіндігі шектеулі жанның қабілетіне сенбеуі. Біздің елде бұл түйткілдің түйіні шешілді ме? Тағдырдан соққы алған отандастарға тағы кімдер тізесін батырып жүр?
Сәбит ӘЛДЕБАЙ