ҚХА-ның «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХА-ның «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының тұсаукесері өтті

22.06.2018

Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту мақсатында Қазақстан Халқы Ассамблеясының бастамасымен Бурабай курорттық елінде Қазақтан ғылыми-ағартушылық жобасының салтанатты тұсау кесу рәсімі өтті. Абылай хан алаңында бастау алған республикалық шара этностар арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған.

 

«Қазақтану жобасы әсіресе жастарға керек. «Қасиетті Қазақстан» экспедициясы барысында еліміздің барлық тарихи орындары қалыпқа келтіріліп, насихатталады. Ал, өткізілген шараларды Ассамблеяның ресми сайтынан бақылап, көруге болады», - дейді ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко.

Шараға еліміздің жетекші институтының ғалымдары, қоғам қайраткерлері, Ассамблея мүшелері, мемлекеттік органдар мен республикалық жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Қазақтану жобасы барысында тұсау кесу, шашу секілді ұлттық салт-дәстүрлер насихатталды.

 

«Қазақтану әр ұлтта бар. Мысалы, түркітану – әлем бойынша түркі елінің тарихы салты мен дәстүрін зерттейтін ғылым. Сол секілді Қазақтану қазақылық, қазақ ұғымы туралы айтады», - дейді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали.

 

Жоба аясында қатысушыларға арналған экскурсия жүргізіліп, қасиетті Бурабай жерінің тарихи деректерімен таныстырылды. Қазіргі таңда аталмыш аймақта 18 туристік фирма жұмыс істеп, жыл сайын шетелдік меймандардың осы өңірге деген қызығушылығы артып отыр.

Сондықтын қазақтанудың Көкшетау жерінен бастау алғаны өте орынды. Алдағы уақытты еліміздің әр өңірінде қазақтану бойынша нақты жұмыстар бекітіліп, жүзеге асырылады. Республикалық маңызы бар шара үш жылға созылады.

 

«Толық нұсқа»

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.  

Хабарламаларға жазылу