«Қазақстан» РТРК» АҚ Өңірлік арналарын дамыту аясында «SEMEI» арнасы жерсеріктік сигнал қабылдай алатын Қазақстанның барлық қалалары мен ауыл-аймақтарында көрсетіле бастады. Енді көрермендер арнаны республиканың кез келген түкпірінен тамашалай алады.
«SEMEI» - «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы құрамына кіретін аймақтық арналар ішінде қалалық мәртебеге ие жалғыз арна. Алайда, облыстық арналармен тең дәрежеде хабар таратып, заман көшінен қалыспай келеді.
«SEMEI» арнасы тұрақты түрде қазақ және орыс тілдерінде 14 хабар көрсетеді. Оған қоса, биыл жаңа маусымда 3 жаңа жоба көрерменге жол тартпақ.
«Екі тілде жүргізілетін ток-шоу, ақпараттық және танымдық бағыттағы тың жобалардың шығарылымына қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Арна мұрағатында қазақ телевизиясы қалыптасқаннан бері сақталып келе жатқан құнды бейнеқор бар. Енді оның денін «OTAU TV» желісі арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі көрермендер тамашалуға мүмкіндік алады», - дейді телеарна басшысы Әрсен Бектасов.
«SEMEI» арнасының «OTAU TV» желісіне қосылуына Шығыс Қазақстан облысы мен қала басшылығы қаржылай қолдау көрсетті.
Бір жыл бұрын ребрендинг жүргізіліп аты өзгерген «SEMEI» арнасы 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап ID TV цифрлық желісі арқылы да хабар таратып келеді. Енді ел көлемінде «OTAU TV» жерсерікті хабар тарату желісіне қосылуы арнаның жаңа тынысын ашып отыр. Енді «SEMEI» арнасы «OTAU TV» желісіндегі тегін арналар топтамасының 51-ші арнасында.