Елге қызмет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елге қызмет

10.09.2018

Қыркүйектің 5-нде «Qareket» бағдарламасының кезекті саны жарыққа шықты. Хабарды Бейсен Құранбек тізгіндеді. Ел бағу тақырыбы қозғалды. Абай атамыз «Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз елге ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!» деген.

Хабарға қонақ болып филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей, «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбділдәқызы, «Ел-шежіре» қоғамдық қорының төрағасы Дәулет Әшімхан, ақын Тілек Ырысбек, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Бақытбек Смағұл, «Алтын – арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Қайдауылқызы  келді.

Мекемтас Мырзахметов «ел бағу –саяси ұғым» дейді. «Елге қызмет еткен адам саясатпен араласпай тұра алмайды. Оның заманы қандай? Абайдың заманы – бір бөлек, біздің заманымыз – бір бөлек. Елімізді гүлдендіру үшін ұлттық идеологияны бірінші орынға қоюымыз керек».

Дәулет Әшімхан «елге қызмет ету – әр адам өз қызметін жақсы атқаруында. Балаларымызға қазақы тәрбие берсек, мұның өзі ұлтқа қызмет ету».

Бақытбек Смағұлдың айтуынша, елге қызмет етудің түбі – Отан алдында әскери борышын өтеуде жатыр. «Отанға деген махаббаты күшейіп, намыс шыңдалатын әскери өмірдің жастарға берері көп, - дейді ол.

Хабарда Қымбат Әбділдәқызы әкесін еске алған: «Қара күздің уақытында ауылдағы өзі құрпылас ақсақалдарды шақырып, келелі әңгімені бастайтын. Азаматы барлар көмірін түсірді, шөпті шауып, қысқы мал азығын дайындады. Бірақ азаматынан айырылған, кішкетайларының бұғанасы қатпаған пәленшенің, түгеншенің үйінде шөп жоқ деп, қол ұшын созуға шақыратын. Өзі бас болып бастайтын, басқалары да қоштайтын» деп көзіне жас алды.

Хабардың бас кейіпкері – Серік Шалов. Ол біраз жыл Қазақстан Қарулы Күштерінде бел жазбай еңбек етіп, қазір зейнетке шыққан. Полковник те болған, департамент те басқарған. Зейнетке шыққаннан кейін, туған ауылдың түтінін аңсайды. Туған жерге деген ыстық ықыласы туған жеріне әкім болып, елге қызмет етуге алып келеді. «Ауылды қалай көркейтемін, қалай дамытамын» деген оймен толғанған ол қаланы көріктендіруге кіріседі. Қоқыс төгетін орынды өзгертеді. Өйткені ауыл тұрғындары бұған дейін қоқысты көрінген жерге төгіп, ауылды қоқыспен ластаған. Белгіленген орыннан басқа жерге қоқыс төккен адамдарға айыппұл салса, олар ерегесіп, әкімшіліктің алдына төккен. Бұдан кейін әкім ауыл орталығындағы бұрынғы қоқыс төгетін орынға «Тазалықты сақтайық, Боққа оранып жатпайық, Күл-қоқысты шашпайық, Өз орнына тастайық!» деген тақтайша іліп қояды.

Бұрын малды қалаға шығатын жолдың үстімен өргізген. Енді мал белгіленген бір жолмен ғана жүреді.

Алғашқыда ауыл тұрғындары «әскери тәртіп орнатпақшы» деп қырын қараған. Қазір тәртіпке бағынған, халық та –риза, билік те – риза.

Ауылдағы тағы бір басты мәселе – мал ұрлығы. Жаңа әкім құқық қорғау ұйымдарының қызметкерлерімен біріге отырып, жайылымдағы малды атып алу, сойып алуды тоқтатқан. Қазір ауылдың шыға берісінде учаскелік полиция қызметкерінің мекемесі бар. Ауылдан шығатын малдың құжаттары тексеріліп, сырға номері көрсетіледі.

Еркін кітап алмасу орынын да ашып қойған. Бұл жерде ауыл тұрғындары өзара айырбас жасап, кітап оқи алады.

Естеріңізге сала кетейік,   «Qareket» бағдарламасын дүйсенбі-жұма аралығында сағат 20:55-те көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу