Енді отандық тоқыма өндірісі туралы айтамыз. Алдымен, Сингапурдың бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю-дің бір сөзін оқығым келеді. «Халқыңызды бақытты еткіңіз келсе, екі нәрсенің біреуін жасауыңыз тиіс. Оларды қанағаттандыратын нәрсені беріңіз: үздік тағам, үздік киім, үздік тұрғын үй. Егер бұған мүмкіндік болмаса, осы жағдайға жетуге болатын жолды көрсетіңіз» депті. Біздің биліктің халық үшін осының қайсысын жасап жатқанын өздеріңіз білетін шығарсыздар. Қазақ елі тоқымаға тарихта тамыр жіберген мемлекет. Ешкімнің қабағына қарамай-ақ қажетін өздері тігіп, керегіне жарататын болған. Мәселен, ішкі киімдерді: көйлек, желетке, кәзекей. Сырт киімдерді: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем. Сулық киімдерді: шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық деп бөліп те қойған. Қазір әйел біткеннің қымбат ішік көрсе, іші у-дай ашып, алғысы келіп тұратыны бар. Біздің қазақ уағында оның талайын тіккен. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көкберен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы маталармен тыстаған. Бұрынғының қол шеберлігін бүгінге жеткізгенімізде қазір қазақ үні жеткен жерлерге сәнге қатысты үкім айтар елге айналуы мүмкін еді. Өкінішке қарай, аумалы-төкпелі заманда көп нәрседен қол үздік, қазір қайтадан жеңіл өнеркәсіпті дамытайық деп жанымызды салып жатқан жайымыз бар. Бірақ, өзгелердің көш ілгері киімдерінен біздікінің сапасы кемшін болып қалады, дұрысын тоқысақ, бағасын қымбат қылып жібереміз. Әйтеуір, отандастарды отандық киімге орау мүмкін болмай тұр. Осы тақырыпқа қатысты ізденгенге дана қазақтың киімге қатысты айтқан ескертпелеріне көз түсті. Жаңа түскен келін киім-кешегін қысқартса, нәрестесі кем туады немесе ол түсік тастайды дейді. Сыңар аяқ киім киген баланың әйелі ұры болады деген бар. Киімнің түймесін айқастырып салса, қуанышты хабар келеді. Ілулі тұрған киімнің түймесін салмайды. Аяқ киімді оң аяқтан бастап киіп, сол аяқтан шешу керек екен. Ал, киім сатып алғанға: «Киімің күйрек, жаның берік болсын!» деген тілек айтады. Қазақ аяқ киімнің табанына қарамайды. Оның баспайтын жері жоқ. Сондықтан да, былғаныштан көз ұшынады деген. Тағы бір маңызды ескертпе, емшектегі баласы бар әйел жалаңбас бала емізбейді. Жалаңбас отырса, шайтан қайызғағын сәбидің аузына салып жібереді делінген. Бұл киімге қатысты дана қазақ айтқан ескертпенің бір бөлігі ғана. Қажет болса, қарап, оқып алыңыздар. Сонымен бүгінгі таңда тоқылған, тігілген отандық өнімді емге таппай жүргеніміз қалай? Бағасына сапасы сай ма?
Еркін СЪЕЗҰЛЫ