Қандай ойыншықтардан сақ болған жөн? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қандай ойыншықтардан сақ болған жөн?

29.09.2018

«Адамның бір қызығы бала деген». Хәкім Абайдың сөзі, алып-қосары жоқ. Тек технология дейтін тарпаң тәулік санап көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда баланы бағып-қағу ата-ана үшін үлкен жұмысқа айналды. Өйткені, қазіргі бөбектер бұрынғыдай ағаш ойыншық пен ауладағы құмға алданып отыра қоймайды. Оларға қымбат машина, әдемі қуыршақ керек.  Осы керектерді алу үшін ата-аналар үй көрмей жұмыс істейді. Бірақ, ойыннан ғана емес, ойыншықтан да от шығатын ескеру қажет. Мәселен, биыл-былтыр адамдардың қолынан түспеген спиннер деген зат жүйкесі жұқарғандарды сабасына түсіретін дүние екен. Тауардың сұранысқа ие екеніне көзі жеткен өндірушілер спиннерге колонка мен аккумулятор қойған.

 

Айналғанда әуен ойнайды. Тиісінше мұны қуат көзіне қосу керек. Тап осы тұста жік шықты, АҚШ-тың Фентон қаласында тұратын Мишель Карр мен Гардендейл қалашығының тұрғыны Кимберли Алламс осы ойыншықтың кесірінен өліп қала жаздады.  Екеуі спиннерге тәулік бойы тыныштық бермей айналдырып түнде қуат көзіне қойған. Арада сағат өтпей ойыншықтар өртене бастаған. Салдарынан америкалық екі азамат ойыншықтан тұтанған отқа күйіп, ауруханадан бір-ақ шыққан.

 

Тағы бір дерек, 1998 жылы жаппай сатылымға шыққан қуыршақтар. Аузы қозғалып тұрады, оған арнайы пластик тамақтарды берсе шайнап жұтады. Пластикті былай қойып бөбектер қуыршақтың аузына саусақтарын салған, сөйтсе тоқтататын тетігі жоқ қуыршақ сәбилердің саусақтары мен шаштарын шайнап бөліп тастаған.  Арада бір жыл өткенде мұны шығару тоқтатылды, бірақ сол аралықта жүздеген бала зардап шеккен.

 

Сатылымға шығысымен екі бөбекті өлтіріп, тағы біреуін жансақтау бөліміне түсірген қорқынышты ойыншық бар. Ол дартс деп аталады. Нысанаға атасың, шегесі қадалып қалады. Әу баста мұны балалар дүкендері де сатқан, бірақ, адам шошырлық жайттардан соң тек ересектерге арнап шығара бастапты.  Десе де, жылына осы дартс денесіне қадалған 6000-нан астам адам ауруханаға барады екен.

 

Сонымен қатар, ойыншық мылтықтар жасөспірімдердің жаппай өліміне себеп болды. Өйткені, бұларды өндірушілер шын тапаншаға қатты ұқсатып жасаған. Салдарынан, Америкада 2014 жылы 12 жасар бала қалжыңдап шын қарудан айнымайтын пневматикалық мылтықты полицейлерге кезеген сәтте оған қарсы ондаған оқ атылған. Қаза тапты.

 

Ал, Техаста көліктен шықпай отырып алған 15 жасар жетіншек ойыншық тапаншаны шығарып офицерге бағыттаған сәтте қарсы атылған оқтан бақилық болды. Осы жантүршіктірерлік оқиғалардан соң ойыншық қарулар жасайтын компанияларға арнайы нұсқау берілді, тапаншалар мен мылтықтар шынайы суық қаруға ұқсамауы тиіс деген.

 

Тағы бір қауіп балаңызға ойламаған жерден келуі мүмкін, ол - әуе шарлары. Әр адамның неден өлгенін тексеріп, тіркейтін Америкада 5 жылда осыдан 4 бала қаза тапқан. Канадада 15 жылда 15 бөбек жантәсілім еткен. Барлығында да үріп жатқан шар жарылып жасөскіндердің өңешін бітеп тұншықтырып тастаған. Ойыншықтан сіз бен біз білмейтін тағы қандай қауіп бар? Азамат Бейбітұлы айтады.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу