Салтанат Байқошқарова: Ана болуды армандап жүрген талай әйелге тегін көмектестік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салтанат Байқошқарова: Ана болуды армандап жүрген талай әйелге тегін көмектестік

15.10.2018

13 қыркүйекте Ұлттық арна эфирінен «Nazar» бағдарламасы жарыққа шықты. Хабар тізгіншісі - журналист Әйгерім Есенәлі. Бағдарламаның осы аптадағы қонағы -  белгілі репродуктолог Салтанат Байқошқарова.

Оның медицина саласына қызығушылығы кішкентайынан басталған. Сондай-ақ, отау тіккеннен кейін сәби сүю арман болады. «Осылай тағдырым эко ұрықтандыруға әкелді», - дейді гинеколог.

Айтуынша, отбасы мен қызметті қатар алып жүру – оңай емес. «Жолдасыммен он сегізімде кездесіп, он тоғызымда тұрмысқа шықтым. Әйел отбасын сақтап қалу үшін кішіпейіл болуы керек. Кез келген мәселені жолдасыңа ойланбай айтуға болмайды. 40 жылдың ішінде «ажырасамын» деп бір рет те айтпаппын», - дейді дәрігер.

«Нөсердей жауған ақпарат салдарынан қазір жастардың психологиясы бұзылып жатыр. Өкінішке қарай, фильтр жоқ. Бұрын балаларды ұрсып тәрбиелейтін», - деп толғанды ол.

Сондай-ақ, әйелдердің пластикалық операция жасату мәселесі туралы сөз қозғады. «Көбі оның ертеңгі күні қандай жағдайға апаратынын ойланбайды. Бәрібір әсері болмай тұрмайды», - дейді ол.  

«Клиниканың 20 жылдығы,  Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы сияқты атаулы күндер құрметіне ана болуды армандап жүрген, бірақ, қаржы жағынан мүмкіндігі жоқ әйелдерге қолұшын создық, алайда, жылап көмек сұрайтындар азаймай тұр», - дейді. Оның айтуынша, жыл сайын осы салаға бөлінетін 900 квота – жеткіліксіз.

Ол эко ұрықтандыру орталығын Алматыда  23 жыл бұрын, Астанада 17 жыл бұрын ашқан.  Қазір аталмыш орталық өңір-өңірлерде ашылып жатыр. Айтуынша, экстрокорпоральді ұрықтандыру жолымен дүниеге келген балалардың табиғи жолмен туған балалардан еш айырмашылығы жоқ. Бұл – ғылыми дәлелденген.

 

Хабарламаларға жазылу