Алматыда «Айтматов және Кино» тақырыбында дөңгелек үстел өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Айтматов және Кино» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

20.11.2018
Алматыда «Айтматов және Кино» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі аясында Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай «Айтматов және Кино» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараға ақын, драматург, аудармашы, сазгер, Қазақстан жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің лауреаты Ысраил Сапарбай, совет және қырғыз кинорежиссері, сценарист, ССР және Қырғыз ССР Халық әртісі Болотбек Шамшиев, совет, түркімен кинорежиссері, сценарист, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Түркімен КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Ходжакули Нарлиев, «Ш.Айтматов атындағы халықаралық Ыстықкөл форумының» вице-президенті А.Молдакматова, ақын А.Нысаналин, қазақстандық дипломат В.Толмачев, режиссер, Шәкен Айманов Халықаралық кинофестиалінің бас директоры Ермек Тұрсынов және философия және өнертану ғылымдарының докторы, Еуразияның ғаламдық байланыс жөніндегі агенттігінің бас директоры  Светлана Слапке қатысады.

Ұлттық кітапханаға келген қонақтар Ш.Айтматов шығармаларының көрмесімен танысып, көшпелі халықтардың мәдени бұйымдарын тамашалап, көне түркі жауынгерлерінің соғыс айлаларын паш ететін кішігірім көріністі бақылады. Сондай-ақ, Шыңғыс Айтматовпен болған қызықты оқиғаларын еске алып, пікір алмасты.  

«Әлемдік деңгейде әр ұлттың, әр елдің өзінің бір алға салатын, тарихтың өзі, өмірдің өзі, алға қоятын адамдары болады. Сондай адамдардың бірі Шыңғыс Айтматов. Биылғы жыл міне, сол Шыңғыс Төреқұлұлының жылы.

Мен жақында ғаламтордан Айтматовтың тойы Өзбекстанда аталып өткенін көрдім. Оған өз басым қатты қуандым. Өйткені, біз мұндай мерекелерді өзіміздің деңгейде ғана тойлаймыз. Бірақ, ол деңгейге сыймайтын адамдар болады. Соның бірі Шыңғыс ағамыз. Мұндай тұлғалардың түркі әлемінде, әлемдік масштабта алатын орны ерекше»,  - деді өз сөзінде ақын Ысраил Сапарбай.

Кездесу соңында фестивальдің бас директоры Ермек Тұрсынов та Айтматовпен Бельгияда болған кездесуін еске алып, әсерлі әңгімесімен бөлісті.

Хабарламаларға жазылу