Бүгін «Қазмедиа орталығының» 13-ші студиясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен қазақтың танымал дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері мен күйшілері қатысатын «Інжу-маржан» тележобасының түсірілім жұмыстары басталды.
Ұлттық құндылықтарымыздың бірі дәстүрлі ән-күйлерімізді насихаттайтын ұлттық жобаның тұсаукесерін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин ашты.
Аталмыш жобаға елімізге кеңінен танымал, ұлттық музыкаға еңбек сіңіріп жүрген белгілі тұлғалар Секен Тұрысбеков, Қажыбек Бекбосынов, Біләл Ысқақов, Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова сынды сахна майталмандары мен өзге де дәстүрлі әнші-күйшілер қатысып, өз өнерлерін қалың көрерменге тарту етпек.
Музыкалық жобаның мақсаты - ұлттық өнерді дәріптеу, еліміздегі дәстүрлі әнші, жыршы-термешілер мен күйшілердің басын Ұлттық арнада тоғыстыру.
Рухани құндылықтың түпкі мәні - ұлттық өнер, сондықтан «Інжу-маржан» музыкалық жобасы көрерменнің эстетикалық талғамы мен дүниетанымының дамуына өз үлесін қосатын бірегей жоба болмақ. Концерттік жоба «Қазақстан» Ұлттық арнасының «Алтын қорында» сақталып, келешек ұрпаққа мұра болып қалады.