«Men qazaqpyn» жобасының екінші маусымының жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Men qazaqpyn» жобасының екінші маусымының жеңімпаздары анықталды

09.12.2018

Бүгін - қыркүйек айынан бастап көрерменді дәстүрлі ән-күймен сусындатқан халықаралық байқаудың финалы. Аз уақыттың ішінде елге танымал болған мегажобада 54 өнерпаз телевизиялық жолдамаға ие болған еді. Міне, бүгін солардың арасынан 9 үміткер топ жарып, финалға шықты. Олар соңғы сайыста өнер көрсетіп, қазылар алқасы араларынан үздіктерді анықтады.

«Күй» номинациясы бойынша бақ сынайтын Жәнібек Жәмиев бүгін сахнаға алғашқы болып шықты. Құрманғазының «Кішкентай» күйін көрерменге паш еткен өнерпаз қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.  

Телевизиялық жолдамаға ие болған үміткерлердің басым көпшілігі әншілер болғаны көпшілікке мәлім. Олардан оза шауып, финалға дейін жеткен Аяулым Қамажан бүгін сахнаға екінші болып шығып, Біржан салдың «Бұрылтайын» шырқады. Әйтсе де, өнерпазға қазылар алқасының көңілі толмады. «Аяулымның орындауындағы ән жігерсіздеу болды. Әлі де әннің мінезін аша түсу керек еді»,- деді оған Ұлжан Байбосынова.

Жобадағы жалғыз қобызшы Салтанат Ерсұлтан бүгін Тұрмағамбеттің «Тәлім» термесін орындады. Оған қазылар алқасы мынадай баға берді:

- Осы термені қобызбен орындағаны сәтті шықты. Маған ұнады»,-деді Айгүл Елшібаева.

Ал, Мырзатай Жолдасбеков: «Бүгін сені қобызың қолдамады. Бұл термені айтуға шамаң жетпеді», - деді.

Түркістандық Шыңғыс Исаев финалда Т.Момбековтің «Салтанат» күйін шертті. «Күйдің ішіне түсіп, мазмұнын ашамын деп, нюанс жасап, шеберлік көрсетті. Әйтсе де, ол бұл күйге қажет емес еді» деген пікірін білдірді оған Әлқуат Қазақбаев.

Сахнаға бесінші болып маңғыстаулық әнші Алпысбек Оңайбайұлы шықты. Ол Қ.Тұрсынның «Көлқайнар» әнін шырқап, қазылардың жоғары бағасына ие болды.

Ал, жобаның кенжесі, жас өнерпаз Аружан Ерімова финалда Наурызбектің «Толғауын» орындады.

- Жобаға алғаш келген сәтінде-ақ, қазақ өнеріне ерекше «құбылыс» келді деп едім. Соны дәлелдей білді. Аружан 2-3 жылдан кейін қазақ сахнасының гүлі болары анық»,-деді Мырзатай Жолдасбеков.

Күйшілер сайысын қорытындылаған алматылық Таңат Сәденов бүгін Құрманғазының «Серпер» күйін шертті. Оған Айгүл Үлкенбаева мынадай бағасын берді: «Күйді асығыс ойнап шықтың, әйтсе де жақсы шықты»,-деді.

Кенен Әзірбаевтың «Бозторғайын» шырқаған Рауан Әбілбаев сахнада сегізінші болып өнер көрсетті. «Қиын әнді таңдап алыпсың. Оны желдіртіп орындадың. Соңғы саға мен жоғарғы бас буынның дыбысын бірдей ұстауың керек еді», деп пікір білдірді Айгүл Елшібаева.

Қызылордалық термеші Күнсұлу Түрікпен «Темірдің толғауын» орындап, сайысты қорытындылады. Қазылар алқасы өнерпазға жоғары бағасын берді. «Жобадағы барлық сыннан сүрінбей өтті. Сырдың жыраулық өнерінің бүгінгі күндегі жақсы жалғасы екенін дәлелдей білді», - деді Ұлжан Байбосынова.

Бүгінгі шығарылымда қазылар алқасы өнер додасының жеңімпаздарын анықтады. «Men Qazaqpyn» мегажобасының үздіктері марапатталған кештің телевизиялық нұсқасын Ұлттық арнадан 16 желтоқсан күні тамашалай аласыздар.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу