Жылқыны алғаш қолға үйреткен – қазақ даласы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылқыны алғаш қолға үйреткен – қазақ даласы

15.12.2018

Алты жасар баласын ашамайға отырғызып, алпысқа келген азаматын аттан түсірмейтін, ердің құнын ер-тоқымның құнымен өлшеген қазаққа бүгінгі тақырыпты жеткізіп айту үшін, міне, мен де тұлпар тақымдадым. Бұл бекер емес. Мектепте тарих пәнін парақтап оқыған бәріміз білеміз, Солтүстік Қазақстандағы Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде жылқыны бірінші боп қолға үйреткен қазақ екені дәлелденді. Тайға таңба басқандай тарихқа жазылған дүниеге ешкім жиендік жасай алмайды. Қазір әлемде 250-ден астам жылқы тұқымы бары белгілі, десе де, тұлпардың түп атасы қазақ жерінен басталатыны әмбеге аян. Мұны тарихты зерттеп, ақпаратын зерделеген жанның бәрі жазып қалдырған. Мәселен, Вилькинстің 1885 жылы жазылған «Жылқы шаруашылығы және жылқы зауыты журналы» атты еңбегінде мынадай үзінді бар: «Дәстүрлі қазақ қоғамында жүйрік жылқы тек иесінің ғана емес, бүкіл рудың, аймақтың мәртебесін өсірген. Олар туралы әндер мен күйлер шығарылып, есімдері халық жадында ұзақ сақталған. Жылқы тұқымын асылдандырудың, сәйгүлік болар жылқыны тай күнінен ажырата білудің, ат баптаудың қыры мен сырын жетік білетін мамандарды халық арасында атбегілер немесе атбаздар деп атаған»,- дейді.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу