Ұлттық арнадан «Ұлы дала сазы» атты жаңа жоба шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнадан «Ұлы дала сазы» атты жаңа жоба шығады

11.01.2019

Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің танымал дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері мен күйшілерін тоғыстыратын «Ұлы дала сазы» атты жаңа жобаның таныстырылымы өтті. Шараға «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, термеші, әнші Айгүл Елшібаева,  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ерлан Рысқали, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай қатысты.

Музыкалық жобаның мақсаты - атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз - дәстүрлі ән, жыр-термелерді, күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу. 

Жоба 17 концерттен тұрады, ұзақтығы 1 сағат. Ұлттық арнадан 13 қаңтардан бастап, 28 шілдеге дейін әр жексенбі кешкі сағат 21.05-те көрсетілетін болады. Музыкалық бағдарлама 2018 жылдың қараша айында түсірілген болатын. Түсірілім барысында 180-ге жуық шығарма жазылып, еліміздің барлық аймақтарынан 91 өнерпаз қатысты. Олардың арасында 16 термеші, 34 күйші, 39 әнші, 2 жыршы өз өнерін көрсетті. 

«Әр халықтың рухани, мәдени әлемі бірінші кезекте дәстүрлі өнерінен танылады. Дәстүрлі ән, терме, күй бұл біздің ата-бабаларымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мәңгілік үні, шежіресі. Ұлттық өнерімізді бүгінгі және болашақ ұрпаққа насихаттау, рухани мұра ретінде сақтау - біздің парызымыз. Ұлттық арнадан жақында шығатын  «Ұлы дала сазы» жобасы көрермендеріміздің эстетикалық талғамы мен дүниетанымының дамуына өз үлесін қосатын бірегей жоба болатыны сөзсіз. Осы жылдың наурыз айында бірінші түсірілімге қатыса алмаған бірқатар өнерпаздарды тағы да таспаға түсіру жоспарланып отыр. Ең бастысы, бұл жобадағы барлық шығармалар «Qazaqstan» Ұлттық арнасының «Алтын қорына» енетін болады», деді Басқарма төрағасы Е.Қарин.  

 «Ұлы дала сазы» жобасына еліміздің дәстүрлі өнер майталмандары Секен Тұрысбеков, Қажыбек Бекбосынов, Біләл Ысқақов, Сәуле Жанпейісова және т.б қатысады. Музыкалық жобада қазақ халқының әндері мен қазақ композиторларының шығармалары орындалатын болады.  
                                      

Хабарламаларға жазылу