Қазақстандағы ерекше есімдер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы ерекше есімдер

12.01.2019

Адамға тал бесіктен жер бесікке дейін серік болар есімдерді тізгенде есіңді алатындары, есіңде қалатындары, түрлі ой салатындары тым көп екен. Қазақстан статистика комитетінің дерегінен керегін алған сайт жайып салыпты. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 66 ұлға Саммит, 16 қызға Саммита деп ат қойылған. Азиада деген 56 қыз бар екен. 13 ұл балаға Нұрлыжол деген есім берілген. Тіпті, Бәйдікэкспо деген 1 ұл бар екен. Теңге деген есім 13 қызға, Нұротан деген ат 10 ұлға, Ақорда деген есім 2 ұлға беріліпті. Есімдері елдің есінде қазір, келешегі кемел болсын дейміз балғындардың. Бірақ, «балаға азан шақырып, неге мұндай ат қойды?» деген ой қаперден шықпайды екен. «Мүмкін әкелері саясаткер ме, бәлкім анасы мемлекеттік қызметкер шығар» деп біздің ұжым да біраз бал шашты, құмалақ шашты. Ақыры анығын білу үшін ерекше есімі бар балаларға қарай қадам басты.

«Түйе сойсаң, тұздығын аяма» демекші, тақырыпты өзімізден бастадық, кейін өзгелердің есімдерін ескере кетейік дедік. Қуырдақтың көкесін сонда көрдік. Әлемдегі адамға қойылған ең ұзын есім 1478 әріптен тұрады екен. Әлгі азаматты таңғы асқа шақырамын дегенше түскі астың уақыты өтіп кетері анық. Естімеген елде көп, қазір жер басып жүрген 7 миллиард адамның ішіндегі ең ерекше есім Ресейде туған балаға қойылыпты. Аты «БОЧ рВФ 260602». Бұл рас ақпарат. Тарқатып айтсақ, «биологический объект человека рода Ворониных-Фроловых». Ерекше есім болғанымен, баланы мұндай атпен тіркеуден құзырлы орындар бас тартқан. Алайда, төлқұжатсыз бөбекке Вашингтондағы коммерциялық емес ұйым «әлем азаматы» дейтін паспорт берген. «БОЧ рВФ 260602» биыл 17-ге толады, мүмкін кәмелетке келгенде атын адам ұғарлықтай қылып ауыстырып қалар, кім білсін. Жалпы, тарихта біз танып-білген мықтылардың да есімі ерекше болыпты. Мәселен әйгілі суретші Пабло Пикассо. Бұл оның ықшамдалып толтырылған аты екен. Туғанда берілген толық есімі былай: Пабло Диего Хозе Франциско де Паула Хуан Непомукено Криспин Криспиано де ла Сантисима Тринидад Руиз и Пикассо. Қылқаламмен талайдың сөзбен жеткізе алмағанын санаға құйған талантқа есіміне бола ешкім ескертпе жасамас бүгін.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу