Оңтүстіктен көшіп барған жалғызбасты ана мемлекет берген үйді ала алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстіктен көшіп барған жалғызбасты ана мемлекет берген үйді ала алмай отыр

28.08.2019

Қостанай облысының Қазанбасы ауылына оңтүстіктен көшіп келген жалғызбасты ана бала-шағаммен далада қаламын ба деп алаңдайды. Себебі қазір тұрып жатқан баспанасын өз атына аудара алмай жүр. Сонымен қатар бірнеше жыл күтімсіз тұрған үйдің жылу жүйесі де істен шыққан. Оны өз бетінше жөндеуге қаржысы жоқ. Ал солтүстік өңірде қыс ерте түсетіні мәлім. 

Лаура Исмаилова Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданының тумасы.  Қостанай облысының Әулиекөл ауданына мектеп жасындағы үш баласымен осы жазда қоныс аударды. Аудан орталығынан 50 шақырым жердегі Қазанбасы ауылына орналасты. Тұрғындары қопарыла көшіп, мектепте бала саны азайған елді мекендегі жұрт оларды жылы қабылдады. Мектепке күзетші етіп  жұмысқа тұрғызды, өзі таңдаған үйге кіргізді.

Лаура Исламова, қоныс  аударушы:

 Енді бар уайым үй мәселесі. Жылу жүйесі тесіліп қалған. Екі бөлмеде. Соны дұрыстауға көмектессе. Бірінші жылы көмектессе, әрі қарай өзім талпынып, күн көріп кетер едім.

Жылу жүйесіндегі ақаудың сыртында әзірге баспананы өз атына аудару да мүмкін болмай тұр. Себебі үй иесі қайтыс болған. Ал оның мұрагеріне сату құқығы бес айдан соң беріледі. Ауыл әкімі белгіленген мерзім өткен соң, бұл мәселе оң шешіледі деп сендірді.  Отбасының жаңа қоныста қыстан қысылмай шығуына да көп болып көмектесеміз деп отыр.

Тұрғынбек Әбдібеков, Қазанбасы ауылының әкімі:

Үйде пеш бар. Тек батарея жарылған. Оны сырттан дәнекерлеруші шақырсақ та жөндетеміз. Лаураны, балаларды суыққа қалдырмаймыз.

Отбасы  қоныс аударушы ретінде мемлекеттен берілетін жәрдемақыны қыркүйек айында алады. Өздерінің есебінше, бұл қаржы баспана сатып алғанның сыртында оны жөндеуге де жетуі тиіс. Жалпы биыл Әулиекөл ауданына оңтүсіктен 46 адам қоныс аударыпты. Жергілікті билік олардың жағдайын әрдайым назарда ұстайтындығын айтты.

Алмас Жылысбаев, Әулиекөл аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:

 Олар көбіне біздің қыстан қорқады.  Алты ай көп деп. Пеш жаға алмайтындары кездеседі. Көмектесеміз, үйретеміз.

Ауданға әлі де механизатор, ветеринар, дәрігер тәрізді мамандар жетіспейді.  Сондықтан көшіп келем деушілерге жол ашық. Тек жаңа қонысқа үйренгенше болатын уақытша қиындықтан қорықпаса болғаны. 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

 

Хабарламаларға жазылу