Жазушылар қаламгерлер форумына дайындық үстінде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушылар қаламгерлер форумына дайындық үстінде

28.08.2019

Нұр-Сұлтан қаласында 4-6 қыркүйек күндері Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумы өтеді. Азия контигентінің әйгілі ақын-жазушылары қандай мәселе қозғамақ? Әлемге әйгілі қаламгерлердің елімізге келудегі мақсаты не?

Азаматтық қоғам қалыптастырамыз деп ұмтылған біздің қоғам әдебиет туындыларын оқудан қалып барады. Бұл әлемдегі бірқатар елде байқалған жағдай. Оған біріншіден, ақпараттық технологияның тұрмыс-тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналуы. Екінші, әдебиетке тиісті деңгейде көңіл бөлінбеуі себеп. Бұдан 43 жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағын Әнуар Әлімжанов басқарған кезде Азия-Африка жазушыларының кеңесі өткен. Одан кейін қаламгерлер бас қосқан мұндай ауқымды шара болмаған.

Бауыржан Жақып, ақын:

Бұл өзі біздің халықаралық байланыстарымыз соңғы жылдары әлсіреп кетті. Тіпті, мынау көрші Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түркіменстанның, Тәжікстанның жазушыларымен араласудың өзінен қалып барамыз. Міне, осыны біз қолға алып ұсыныспен құзырлы орындарға біздің басшыларымыз шыққан еді. Осы ұсынысымызды қолдады.

Басқосуда айтылатын әңгіме сөз өнері әдебиеттің қоғамдағы маңызын арттыру төңірегінде өрбиді. Үш күнге созылатын жиынға елімізден 200 қаламгер қатысса, 44 елден 90 ақын-жазушы келеді. Оның ішінде Нобель сыйлығына үміткерлер мен «Букер» сыйлығының иегерлері де бар.

Ақберен Елгезек, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары:

Форумның негізгі идеясы  Азиялық жазушылардың интеграциясын қалыптастыру. Жаңағы әдебиеттегі қазір қордаланып жатқан мәселелер қандай формаларымыз бар. Не туралы жазып жатырмыз? Қандай мәселелер көтеруіміз керек? Жалпы адамзаттық мәселелерде Азия әдебиетінің ролі қандай?

Азия — ұлы өркениет тудырған құрлық. Мұнда адамзат ақыл-ойының атасы болған алыптар туған. Сол себепті, даналықтың алтын бесігі саналған континентте әлемдік даму үрдістері сөз болады. Қоғамдық ғылымдардың ішіндегі көркем ой мен жазба әдебиеттің өкілдері Ұлы даланың жүрегіне айналған Елордадағы алқалы басқосуда жаңа заман әдебиетінің маңызды мәселелерін жіктейді. Оған қоса, Азиялық әдебиеттегі көркемдік кеңестің маңызын көтерудің жолын талқылайды. «Сондықтан бұл қазақ әдебиетінің өркендеуіне тың серпін береді дейді», - қаламгерелер.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ     

Хабарламаларға жазылу