Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы негізгі ойларды іске асыруға бағытталған іс-шараға дипломаттар мен ғалымдар қатысты. Әл-Фараби атындағы қазақ-үнді ғылыми-білім орыны - екі елдің рухани-мәдени байланысын арттыруға негіз. Себебі, 2020 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен тойланатын әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы шеңберінде аталған орталықта ауқымды жиын өткізіледі. Осы бағытта ғалымдар Нью-Дели қаласының төрінде орналасқан әл-Фараби үйінде іскерлік кездесулер ұйымдастырады. Ал, екі мемлекеттің жетекші университеттерінің өкілдері өзара қарым-қатынасты күшейтіп, студенттерді тағылымдамаға жібермекші.
Болат Сәрсенбаев, ҚР Үндістандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
Үндістанда әл-Фараби үйінің ашылуы бұл адамзат үшін айтулы жаңалық деп айтар едім. Себебі, ол әлемнің екінші ұстазы атанған. Жалпы, бұл жер ежелгі ғалымдардың еңбегі сақталған үлкен орталық болған. Сондықтан, осындай ғылым-білім жолындағы қарым-қатынас екі елдің арасындағы мәдени байланысты нығайтады.
Ержан ЖАҢБЫРБАЙ