Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң таныстырылды

27.08.2019

Мұғалімнің абыройы артады. Бүгін Үкімет «Педагог мәртебесі туралы» заңжобаны бірауыздан бекітті. Құжатқа сәйкес, ұстаз кәсіби қызметінен тыс жұмыстан арылады. Істеген жағдайда оған қосымша ақы алады. Ал оларды еркінен тыс жұмысқа тартқандарға айыппұл салынады. Жалпы заңжоба 192 бап, ауқымды 5 бағыттан тұрады. Яғни материалдық және материалдық емес ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер, ұстаздардың құқықтарын кеңейту, мұғалімдердің жүктемесін азайту сынды өзекті мәселелерді қамтиды.

Қолбалаға айналған мұғалімдер енді кім-көрінгеннің жұмысына жегілмейді. Көше сыпырмайды, қоғамдық шараларға шақыртылмайды, үй-үйді араламайды, қағазға көмілмейді, шамадан тыс есеп бермейді. Қысқасы, артық жұмыстан арылады. 

Низкен Құттыбаева, Ақмола облысы Никольск орта мектебінің мұғалімі:

Бізді әртүрлі стадиондарға тобыр ретінде жинайтын. Үйлерді аралап, адамдар мен жануарлардың есебін жүргізетінбіз. Бұл ешкімге құпия емес. Соған қарамастан бізден сапалы білім талап ететін. Енді мұғалімдер мемлекет қамқорлығында болатынына қуанып тұрмын.

 Ұстаздың міндеті – оқыту және тәрбиелеу. Алайда олардың қосымша атқаратын қызметтері шаш-етектен. Оған көк тиын төленбейтін. Енді олай емес. Әр адым ақшамен шешіледі.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексергені үшін ақыны 2 есе өсіру және педагогтерге педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы төлеу қарастырылған. Сонымен қатар заң жобасында барлық педагогтер үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту қарастырылды. Магистр дәрежесі үшін және тәлімгер болғаны үшін қосымша ақы төлеу және тағы да басқа шаралар қарастырылып отыр.

Яғни сыныпқа жетекшілік еткен және дәптер тексеріп көз майын тауысқан мұғалімдерге шамамен 5 мың, жас мамандарды үйреткен аға ұстаздарға 17 мың және магистр дәрежесі бар оқытушыларға 25 мың теңге қосымша ақы төленбек. Ең бастысы, 4 жылда жалақы 2 есеге өседі.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Елімізде тұңғыш рет дайындалған заң жобасы мұғалімдердің беделін, абыройын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Ең негізгісі оларды қосымша жұмысқа ынталандыратын болады. Жалпы болжам бойынша осы заң жобасы ең кемінде елімізде 500 мыңға жуық ұстаздың мүддесін қорғайды.

Мұғалімдерді кәсіби құзырынан тыс жұмысқа тартқан және еселенген есеп-қисап сұрағандарға 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады, кім болса да.  Ұстаздардың балаларына балабақша кезексіз беріледі. Әлбетте, беделі артатын мұғалімге қойылар талап та күшейеді. 2021 жылдан бастап университет түлектері педагог біліктілігіне сәйкестігін растайтын болады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Білім және ғылым министрлігіне заң жобасын Парламент Мәжілісіне  1 қыркүйекке дейін енгізуді тапсырамын. Кейін заң жобасын Парламентте талқылау кезінде министр депутаттармен тығыз жұмыс істеуі және педагогтер қауымдастығын хабардар етуі қажет. Сонымен қатар әкімдердің назарына, оқу жылының басталуына бірнеше күн ғана қалды, мектептердің дайындығын бақылаңыздар.

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қаржымен толық қамтамасыз етілген. 3 жылға 930 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралған. Министрліктің ендігі міндеті — осы заң жобаны дер кезінде Парламентте қорғап, жедел жүзеге асыру. Ал қабылданған құжат кейін халыққа түсіндірлуі тиіс.  

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
 

Хабарламаларға жазылу