МСҚ 2020 жылы көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алуға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

МСҚ 2020 жылы көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алуға дайын

14.08.2019
МСҚ 2020 жылы көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алуға дайын

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының инфрақұрылымдары 2020 жылы халыққа көрсетілетін қызметтерді сатып алуға толығымен дайын. Қор медициналық сақтандыру саласындағы озық тәжірибелерді қолданысқа енгізіп, жүйені дамыту жұмыстарын алдағы уақытта да тоқтатпайды. Бұл туралы Алматыда медициналық сақтандыру мәселелері жөніндегі аймақтық штаб отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді.

Қор басшысы алдағы жылы қалада медициналық көмекке бөлінетін қаражат бір жарым есе артатынын алға тартты.

«Нақтырақ айтқанда, 2019 жылы қала тұрғындарына мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін тегін медициналық көмекке 114,9 млрд теңге бөлінген болса, келесі жылы бұл сома 160,4 млрд теңгеге жетпек», - деп атап өтті А. Жұмағұлов.

МСҚ төрағасының сөзіне сүйенсек, бұл медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуімен тығыз байланысты.

Бірер айдан кейін толық іске қосылатын реформаның негізгі мақсаты медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болғандықтан реформаны ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жіті көңіл бөлініп отыр. Осыған байланысты Алматы әкімдігі тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Реформа қарсаңында қала тұрғындарының МӘМС жайлы білу деңгейін көтеруіміз қажет. Әсіресе, биресми жұмыс істейтін азаматтардың статусын анықтаудың маңызы зор. Сол себепті әр тұрғынға дұрыс мәлімет беру, сондай-ақ, туындаған сұрақтарға толыққанды жауап беру реформаның табысты жүзеге асырылуына септігін тигізеді», - деді Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.

Сонымен қатар, Медициналық сақтандыру қоры жуық арада жеке байланыс орталығын іске қоспақ. 1406 бірыңғай байланыс орталығы сарапшылары халыққа медициналық көмек пен сақтандыру жарнасына қатысты жан-жақты мәлімет беріп, жұртшылықтан түскен арыз-шағымдармен айналысады.

Естеріңізге сала кетсек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде көрсетілетін қызметтердің қаржы операторы саналады.


 

Хабарламаларға жазылу