Елорда әкімі Алтай Көлгінов Үкімет отырысында LRT жобасы аясында атқарылатын жұмыстар бойынша есеп берді.
«Елорданың баламалы көлік түрлерінің қажеттігін және халықаралық міндеттемелерді, сондай-ақ құрылыс инфрақұрылымын дайындау бойынша атқарылған жұмыстың көлемін ескере отырып, LRT жобасы аясында келесі жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жобаны оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Үкімет тарапынан Қытай даму банкінің қарызынан бас тарту бойынша шешім қабылданды. Бұл 800 млн АҚШ долларын немесе 300 млрд теңгеден астам сомада қарызға кететін шығыстар бөлігінде республикалық бюджетке түсетін қаржылық салмақты азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, инвесторлармен келіссөздер жүрігізіліп, Қазақстанның екінші деңгейлі банктерімен, қаржы институттарымен облигацияларды орналастыру шарты қарастырылды. Бұдан бөлек, Қытай тарапынан келісімшарт құнына салықты қосу туралы келліссөздерді бастадық, бұл шара жоба бойынша шығындарды 200 млн долларға азайтуға жол ашады», - деді әкім.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, жолаушылардың қазіргі таңдағы санын ескере отыра, жоба аясында жылжымалы құрамды немесе пойызды 19-дан 12 бірлікке дейін қысқарту мүмкіндігі қарастырылды. Бұл 40 млн АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Пойыздардың жүру интервалы қазіргі уақытта 3 минуттан 10 минутқа дейін өзгертілді. Егер алдағы уақытта халықтың саны артса, оны қайтадан қалпына келтіруге болады. Сонымен бірге, осы кезеңде 7 аялдама стансасын қысқарту қарастырылып отыр, қазіргі уақытта 18 станса болса, соны 11-ге дейін қысқарту көзделді. Жерасты жаяу жүргіншілер жолы да қысқарады, бұл 110 млн доллар қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Аталған шаралар жобаның шығындарын 350 млн долларға немесе 135 млрд теңгеге дейін оңтайландыруға септігін тигізеді», - деді А.Көлгінов.
inform.kz