Қызыл кілем, әсем әуен, әдемі қыздар мен көрікті жігіттер. Мұндай көріністі кинофестивальдер мен эстрада жұлдыздарының кештерінде көретінбіз. Тілші қауым тыста қалып, сол сыйлы жерді сырттан түсірумен айналысатын. Бірақ сол қызыл кілемнен өтуге лайықты мамандық иелерінің тізімін жасасақ, алғашқы үштіктің ішінде тіркестен түйін түйген тілшілердің болуы заңды. Дұрыс қой? Ендеше ішке енейік, студияда күткен көрерменге сәлем берейік. Армысыздар ардақты ағайын. Сәбит Мұқанов «сөз — халықтың қымбаттан қымбат кені» депті. Сол кенді кейінге жеткізуге талпынып жүрген ұл-қыздар алдарыңызда. «Қатардан ассаң да, халықтан аспақ жоқ» деген қазақтың сөзін елдің алдына шыққан бәріміз жадымызға жаттауымыз шарт. Өйткені, біздің барымыз да, бағымыз да ол - көрермен. Көрерменнің көңілінен шығу үшін бұл студияда сынбаған, жанбаған нәрсе қат шығар. Мәселен міне, тікелей эфирде төбеден түстік, әйнектің қаншасы шағылды, талай дүние отқа тасталды. Бұл тілшінің тентектігі емес, бұл өзегі өртенген елдің мұңын мінбердегілерге жеткізуге талпынған тізгіншілеріңіздің тәсілі деп білерсіздер. Әйтпесе талай тақырыпқа қалам сілтегенде сөз ұқпайтын содырдай сойылын ала жүгіргендер болды. Бірақ, «Ең үлкен махаббат – халық махаббаты» деп Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, қарапайым қарашаның қажетін айтуда аяқ тартқан жері жоқ журналистердің. Сондықтан, қаламмен қаруланған қауымға, барлық әріптестерімізге қол соғып қойсақ артық болмас. Енді бүгінгі тікелей эфирдің жөні бөлек.
Елге есеп береміз дедік. Бүгін кадр сыртындағы құпияның бәрін ашып айтамыз. Азамат, сен бірнеше мәрте Мәселенің студиядасында тікелей эфирде болдың, Еркін үшеуміз ән де айтып едік 8 наурызда. Жанды дауыста меніңше жаман шыққан жоқ. Сенен сұрағым келетіні, тілші мен осы студиядағы тізгіншінің жұмысынан қандай айырмашылықтарды байқадың?
Айырмашылық бар, әрине. Тілші – жер-жерді аралап, түрлі мәселесі бар адамдармен сұхбаттасып, материал дайындайды, сараптама жасайды. Бірақ, белгілі бір уақыты, жоспары бар. Сәйкесінше, тәжірибесі бар тілшіге аса қиын жұмыс емес. Ал, тікелей эфирдің әр секунты сынақ, сүрлеу. Сөзден сүрінсең, ол сәтті қайтадан қайталай алмайсың. Сондықтан, шеберлік және сенімділік керек. Бұл да уақыт пен тәжірибенің еншісіндегі іс болар. Қалай дегенмен, тілші мен тізгіншінің территориясы екі бөлек болғанымен, мақсаты бір ғой. Көрерменге – сапалы ақпар беріп, әр тақырыпты жіліктеп талдау.
Рахмет Азамат, апта сайын ел студиядағы тікелей эфирді көреді. Бірақ бұған дейін тыста атқарылатын талай жұмыс көптің көзінен тасада. Біздің жұрттан жасырар жұмбағымыз жоқ. Талқылаудан тікелей эфирге дейінгі тірлікті сөзінің жылуы сексеуілдің шоғындай, тұяғы тиіп кеткен жер ошаққа қазған орындай жүйрік журналист Азамат Бейбітұлының сюжетінен көрейік...