Бүгін Президент Жарлығымен жаңа министрліктерге Бақыт Сұлтанов және Мағзұм Мырзағалиев басшы болып тағайындалды. Ал, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қызметінен босатылды.
Бүгін Бақыт Сұлтанов жаңа лауазымға ие болды. Тура бес күн бұрын Нұр-сұлтан қаласы әкімінің қызметінен кеткен ол, енді – Сауда және интеграция министрі. Яғни, елдің алыс-берісі оның жауапкершілігінде. Осылайша, Бақыт Сұлтанов араға 11 ай салып, министр орынтағына қайта оралды.
Жаңа құрылған мекеменің тағы бірі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Жаңа мекеменің жаңа басшысы болып Мағзұм Мырзағалиев тағайындалды. Көпшілікке аты бейтаныс тұлға туралы айтсақ, бұған дейін ол 4 жылдай Энергетика вице-министрі қызметін абыроймен атқарған. Мамандығы – экономист. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін біледі. Көбіне – мұнай-газ саласында тер төккен.
Ал, Мәдениет және спорт министрлігінің тізгінін Ақтоты Райымқұлова ұстады. Бүгінге дейін Арыстанбек Мұхамедиұлының орынбасары болған 55 жастағы ханым, өнерден алыс емес. Баршаға белгілі пианист, шәкірт тәрбиелеген құрметті ұстаз. 2016 жылдан бері Мәдениет және спорт вице-министрі. Ал, аталған саланы 5 жылдай басқарған экс-басшы Президент пәрменімен қызметінен босады. Қысқасы, аты аталған кандидатураларды Үкімет ұсынып, Мәжіліс мақұлдады. Ал, Президент тиісті жарлыққа қол қойды.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ