Ел тарихында алғаш рет жеті адам мемлекет басшысы лауазымы үшін саяси бәсекеге түсіп жатыр. Бұған дейінгі рекорд 2005 жылы болған еді, ол кезде Орталық сайлау комиссиясы бес кандидатты тіркеді. Сондай-ақ, биылғы сайлау үміткерлер арасында тікелей эфирде дебаттың өтуімен де ерекшеленді.
Қазақстан президенттігіне үміткерлердің саны - 7. Олар 4 партия, 3 қоғамдық ұйым атынан саяси бәсекеге қатысып отыр. Үміткерлердің кандидатурасы сәуірдің 9-ы мен 28-і аралығында ұсынылған еді. Кейін олар мамырдың 11-інен маусымның 8-не дейін сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Ал бүгінгі науқан таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін өтеді. Елде 18 жасқа толған 12 миллионға жуық азаматтың дауыс беруге құқығы бар. Ол үшін республика бойынша 9970 сайлау учаскесі ашылды.
Сондай-ақ, шетелдегі отандастарымыз да таңдау жасауы үшін әлемнің 51 мемлекетінде 65 учаске жұмыс істеп тұр. Сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қарауға әлемнің түкпір-түпкірінен мыңнан аса халықаралық байқаушы келді.
Саяси науқанды өткізуге Орталық сайлау комиссиясына бюджеттен 9,4 миллиард теңге бөлінген. Ал сайлаудың алдын ала қорытындысы 10-11 маусымда жарияланбақ. Жеңіске жеткен үміткерді президент ретінде тіркеу маусымның 16-на дейін жүзеге асырылуы тиіс.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ