Әскери қызметшілер Ақтаудан 250 шақырымдағы Құлалы аралында жұмыс істейді. Оларға дауыс беру жәшіктері тікұшақпен жеткізілді. Өңірдегі тілшіміз Аягөз Оралбайқызы да мобильді топпен бірге аралға барып қайтты.
Құлалы аралы - Каспий теңізінің солтүстік аумағында орналасқан. Біз онда дауыс беру жәшіктерін апара бара жатырмыз. Шекараға шамамен 2 сағатта жетеміз.
Шекарадағы жауынгерлер Түпқараған ауданы Баутино поселкесіндегі нөмірі 235-жабық сайлау учаскесінде тіркелген. Бақылау бекеті алыс болғандықтан оларға жылжымалы дауыс беру ұйымдастырылды.
Ақбала Ысқақова, №235 жабық сайлау учаскесінің мүшесі:
Біздің учаскеде бірнеше әскери бөлім жеке құрамда дауыс бере алады. Қазіргі уақытта өзіміздің 235 сайлау учаскесімен хабарласудамын, 200 ден астам әскери қызметшілер келіп, таңдауын жасап кетіпті. Әлі де келетін әскерилер көп.
Аралдағы техникалық бақылау бекетінде 7 жауынгер әскери борышын өтеуде. Олар күн-түн демей шекараны күзетеді. Радиолокациялық станцияның көмегімен Қазақстан аумағына заңсыз кірген қайықтарды анықтап, жағалау күзетіне хабар береді. Аралда сондай-ақ, қазгидромет орталығының да өкілдері бар.
Ақниет Сайпырханов, шекарашы:
Бүгін барша Қазақ елі және мен үшін маңызды күн. Мен өз таңдауымды жасадым. Бүгінгі күні мен таңдаған Президенттің елді көркейтініне сенемін. Қанша жырақта жүрсек те, сайлауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Осындай жағдай жасағаны үшін көп көп рахмет.
Шекарашылар Елімізде болып жатқан саяси науқанның маңыздылығын жақсы түсінеді. Сондықтан дауыс беруге бір адамдай атсалысты. Ал, дауыс бере сала, мемлекеттік шекараны күзетуге қайта кірісті.
Аралдағы дауыс беру аяқталды. Мінеки, сайлау комиссиясының мобильді тобының мүшелері бюллетеньдер салынған жәшікті жауып, тікұшаққа әкеле жатыр. Ары қарай оны орталыққа жеткіземіз.