Бүгін - Рамазан айының соңғы күні. Ресей астанасында «Рамазан шатыры» деп аталатын керемет мәдени-қайырымдылық шара аяқталды. Яғни, бір ай бойы Ораза тұтқан 30 мыңға тарта мұсылманға күн сайын ауызашар беріліп, түрлі ұлттың мәдени кештері ұйымдастырылды. Мәскеу қазақтары өткізген қорытынды кештің барысын Нұртас Солтанұлы баяндайды.
2005 жылдан бері Мәскеу мемориалды мешітінің жанынан алып шатыр тігу, жергілікті мұсылмандардың игі дәстүріне айналды. «Рамазан шатыры» дегеніміз - осы. Мұнда бір айдың көлемінде күн сайын мыңға тарта адамға ауызашар беріледі.
Шамиль Аляутдинов, Мәскеу мемориалды мешітінің хатыб-имамы:
Бұл жерде мол дастархан жайылғанымен, «Рамазан шатырына» адамдар тек тамақ ішу үшін емес, бірінші кезекте рухани азық алу үшін, өзге жұрттың салт-дәстүрімен танысу үшін келеді. Себебі Ресейде түрлі ұлттың өкіліне жататын мұсылман халықтары бар. Олар осындай игі шаралар біріктіреді.
Биыл да татар, башқұрт, дағыстан, шешен, қырғыз, өзбек сынды Ресейдегі көптеген диаспораның әрқайсысы әр күнді бөліп алып, өз мәдениетін таныстырды. Қорытынды кешті Мәскеу қазақтары өткізді.
Серік Тойғамбаев, Мәскеудегі қазақ ұлттық мәдени автономиясының президенті:
Ресейде 160-тан астам ұлт өкілдері тұрады. Соның жартысынан көбі - мұсылмандар. Солардың әрбіреуі осы 30 күннің ішінде өзінің мәдениетін, дәстүрін көрсетеді. Бүгінгі күн Қазақстандікі болғаннан соң, біздер өзіміздің Қазақ еліміздің мәдениетін, дәстүрін көрсету мақсатымен ауызашар жасап отырмыз.
Қазақ мәдениетінің кешінде мол дастарханымызбен қатар, бай дәстүріміз де таныстырылды. Қазақша ән шырқалып, күй төгілді. Сонымен қатар, өзге ұлттың өкілдері, Қазақ хандығының тарихы, қазақтың белгілі қайраткерлері және ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігі жайлы түрлі ақпаратқа қанықты.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ